Жетісу облысында бес адам жол апатынан көз жұмды
Жетісу облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан бес адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
24 қаңтар күні сағат 15:30 шамасында Ақсу ауданында “Көшкентал – Қапал” автожолының 4-шақырымында екі автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Алдын ала мәлімет бойынша Toyota Avalon және Toyota Camry маркалы көліктер соқтығысқан. Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы шықты, алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жол апаты салдарынан бес адам қаза тапты. Әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алған екі жолаушы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді, – делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, барлық нұсқа қарастырылуда. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында. Полиция қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады, – деді полиция департаментінде.