Жетісу облысында ауылдардың тағы 6 мыңға жуық тұрғыны табиғи газға қол жеткізді

Жетісу облысында 5735 тұрғыны бар екі ауылдың тұрғындары газға қосылуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Жаңа жыл қарсаңында Ескелді ауданының Шымыр және Абай ауылдарына көптен күткен көгілдір отын жеткізілді.

Бүгінде Ескелді ауданының 14 елді мекені газдандырылды. Газға 39 мың адам немесе 10 354 абонент қол жеткізді. Көкжазық, Теректі, Қаратал, Жастар, Ақтасты ауылдарында газ желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылға Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарын газдандыру жұмыстары жоспарланған, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бейісбаев.

Салтанатты жағдайда өткен газ қосу шарасына қатысқан ауыл тұрғындары пікір бөлісті.

Мен 50 жылдан бері осы ауылда тұрамын. Бүгін біздің ауылымызда қуанышты жаңалық - табиғи газ жеткізілді. Енді тұрмысымызды жақсартуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, - деді Абай ауылының тұрғыны Людмила Ясинская.

Ал Ескелді ауданы Шымыр ауылында зейнеткер Асылбике Аязбаеваның шаңырағы алғашқылардың бірі болып газға қосылды. Бұл үйді мердігер ұйым демеушілік көрсетіп, газға тегін қосып берді.

Жасым 82-де. Өмір бақи көмір тасып, от жағып келгенбіз. Оның өз қиындығы бар. Енді, міне, көптен күткен газға қолымыз жетті. Үйімді газға қосып берген азаматтарға рахметімді айтамын, - деді А. Аязбаева.

Атап өтсек, Ескелді ауданының Шымыр, Абай ауылдарында газ құбырларын салу жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталған. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 47 км.

Еске салсақ, Жетісу облысының газдандыру деңгейі жыл қорытындысында 56,9% құрап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жетісу облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы