Жетісу облысында Астана күніне орай 98 пәтерлі үй пайдалануға берілді
Талдықорған қаласындағы «Бірлік» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарласы бойынша салынған 5, 7, 9 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Астананың 25 жылдық мерейтойы қарасаңында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспана кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл салтанатты түрде табыстады.
Талдықорған қаласында 15 мың адам үй кезегінде тұр. Ендігі біздің міндетіміз – кезекте тұрғандардың санын екі есе қысқарту. Ол үшін жылына кемінде 1500-2000 шаршы метр үй беруіміз керек. Осыған дейін кезекке байланысты түсінбеуішілік, заңсыздықтар болды. Тұрғындар кезегін цифрлық жүйеге көшірдік. Енді кез келген адам өз кезегін үйінде отырып-ақ бақылай алады. Қуаныштарыңыз ұзаққа созылсын. Осы үйде өніп-өсіп, бақытты ғұмыр кешіңіздер! – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Артынша облыс басшысы тұрғын үйді уақытылы әрі сапалы салған «Шымыр» ЖШС директоры Руслан Валишановқа өз атынан ерекше алғысын білдірді.
Бүгін көптен күткен үйімізге қол жеткіздік. Барлықтарңызға осындай қуаныш тілеймін. Баспанасыз жүргендерге жұғысты болсын. Сіздерге көп рақмет, – деп жылы лебізін білдірді жаңа пәтер иесі, көп балалын ана Конырказ Силам.
Талдықорған қаласында жыл басынан бері 280 адам баспаналы болды. Енді жыл соңына дейін тағы 1700 адам үй алады. Нәтижесінде 51 үй пайдануға беріледі. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, ардагерлер мен І-ІІ топтағы мүгедектері. Бүгін берілген үйдің құрылысы 2020 жылы басталған болатын. 98 пәтердің 42-сі 1 бөлмелі, 28-і 2 бөлмелі, 28-і үш бөлмелі пәтерлер.