Жетісу облысында 341 адам алаяқтардың арбауына түскен
Биыл Жетісу облысындағы 341 адам алаяқтардың арбауына түсіп, 500 млн теңгеден астам қаражатынан қағылған, деп хабарлайды BAQ.KZ 24KZ-ке сілтеме жасап.
Полицейлер тіркелген істің 54-ін ашып, сотқа жолдады. "Құзырлы орган өкілдері мұндай қылмысты ашу оңай емес, себебі қаржы онлайн жүйеде аударылады", – дейді. Сондықтан банктік картаның нөмірін ешкімге бермеуді ескертеді. Аңғал адамдарды сан соқтыру үшін қылмыскерлер сан түрлі тәсілді қолданады.
Оның ішінде интернет дүкен арқылы сауда жасауға шақырып, қаржы ұйымының қызметкері ретінде де хабарласады. Тіпті шетелде отырып жымысқы әрекетін жүргізетіндер бар. Жақында ғана өзге ел азаматтарының алаяқтық әрекетін Қазақстанда жүзеге асырған қылмыстық топ ұсталды.
Үш қылмыстық іс тіркелді. Олар әр қалада ұсталды. Біріншісі Қарағанды облысы Қарағанды қаласынан ұсталды, екінші топ Петропавл қаласынан. Ұсталған топтардың қылмыстық істерін сотқа жіберу процесін үш кезеңге бөлдік. Себебі жәбірленуші өте көп. Бүкіл Қазақстан бойынша. Бірінші кезең бойынша 72 қылмыстық іс сотқа күні кеше жіберілді, - деп хабарлайды облыстық ПД кибер қылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі Ернат Серікханұлы.