Жетісу облысына былтыр 2 млн турист келген
Жетісу облысына былтыр 2 млн турист келгені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мониторинг деректеріне қарағанда, 3,5 млрд теңге жеке инвестициялар тартылып, туризм саласында 17 жаңа нысан іске қосылды. Жалпы өңірде туризм саласын дамыту 5 дестинацияға негізделген. Бұл – Алакөл, Балқаш көлдері, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, сондай-ақ Жоңғар Алатауының тау алабы, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, 17 жаңа нысанның 16-сы Алакөл көлінің жағалауында, 1-еуі Текелі қаласында іске қосылған. Бұл ретте олардың жалпы сыйымдылығы 1250 төсек-орынға лайықталған. 2023 жылы Жетісу облысында туристерді орналастыру орындарының саны - 363, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 5,3%-ға артқан.
Облыс туризмін ілгерілету үшін 2023 жылы "Сиверс алма ағашының гүлдеуі фестивалі", "Шаған Fest", "Көксу Water Fest", "Алтынемел – құландар мекені" сияқты 30-дан астам іс-шаралар өткізілді. Аталған іс-шаралар жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сондай-ақ турбизнес, масс-медиа өкілдері үшін өңірдің туристік мүмкіндіктерін насихаттау, таныту және туристерді тарту үшін 6 ақпараттық тур өткізілді. Осы жылы да фестивальдар, роуд - шоулар, түрлі ақпараттық турлар өткізу, сондай-ақ туристік көрмелерге, оның ішінде халықаралық көрмелерге қатысу жоспарланған, - дейді басқарма өкілдері.
Сонымен қатар биыл Жетісу облысында туризмді дамыту бойынша мастер-жоспар әзірленеді. Мастер-жоспарда туристік әлеуетті талдау, әрбір перспективалы орындар мен объектілер бойынша туризмнің жаңа өсу нүктелерін ашу, инженерлік, жол инфрақұрылымын кешенді дамыту, дамудың жаңа перспективалық нүктелерін қалыптастыру, деректерді цифрландыру, туристік навигацияны дамыту жөніндегі жұмыстар ескерілетін болады.