Жетісу облысы «Патриоттар мекені» кубогының иегері атанды

«Жас сарбаз – Қазақстанның тірегі» форумында «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының жылдық қызметінің қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Аталған шараға Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев, Жетісу облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Арман Асенов, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам қайраткерлері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен оқушылар қатысты. – Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру 

Қарулы күштер қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Елімізде жұмыс істеп жатқан «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы жас азаматтардың талантын ашуға, әскери қызмет пен жауынгерлік мамандыққа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді, – деді генерал-майор Серік Борамбаев. 

Форумда оқушылар мен курсанттар «Жас сарбаз» қозғалысы, өз жобалары мен жоспарлары туралы айтып берді. Жетісу облысы Алакөл ауданы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы бөлімінің төрағасы Тілек Қабылқанов өңірдегі балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған «Patriot» жобасын таныстырды. 

Ағайынды Малика мен Мәдина Жанайдаровалар үшін қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанова үлгі тұтар қаһармандар. 2021-2022 жылдары олар «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында жүлделі орындарға ие болды. Бүгінде қыздар өз өмірін Қарулы күштермен байланыстыруды жоспарлап отыр. 

«Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері Жайық Жұмағазы мен Нұрасыл Шәріпов те жетістіктерге жетті. Олар беделді халықаралық байқаулар мен жарыстардың жеңімпаз, жүлдегері атанды. 

«Жас сарбаз» қозғалысының үйірмелеріндегі сабақтар көптеген балаларға болашақтағы мамандығы туралы шешім қабылдауға айтарлықтай әсер етуде. «Айбын-2022» республикалық жастар жиынының абсолютті жеңімпазы Сұлтан Серікұлы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты атанды. 

Айта кету керек, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының бірінші филиалы осы өңірде ашылған болатын. Жетісу командасы екі рет «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының жеңімпазы атанды. Биыл «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының командасы бас жүлдені жеңіп алды. 

2022 жылы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы қызметтің қорытындысы бойынша ауыспалы «Патриоттар мекені» кубогы жетісулықтарға бұйырды. Кубокты Түркістан облысының өкілдері тапсырды. Ауыспалы марапаттың бұрынғы иегерлері жаңа жеңімпаздарды құттықтап, оларға ауқымды жобалар мен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу ісінде сәттілік тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы