«Жетісу» газетінің бас редакторы Талдықорған қаласының құрметті азаматы атанды
Талдықорған, BAQ.KZ тілшісі. Талдықорғанда қала күніне орай өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар тұрғын Талдықорғанның құрметті азаматы атанды.
Олардың қатарында облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, «Алаш» сыйлығының иегері Әміре Арын, Алматы облыстық Ардагерлер үйі ұйымының төрағасы, зейнет жасына дейін облыстық әкімдік аппаратында қызмет атқарған Райхан Серғазинова, Талдықорған қалалық емханасының педиаторы, аталған емханада 40 жылдан астам жемісті еңбек еткен Майра Омарова бар.
Сонымен қатар облыс орталығы Талдықорғанға ауысқан кезде құрылыс саласында қызмет еткен Леонид Базилков, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін спорттық оңалту орталығын ашқан Елдос Баялышбаев, «Контраст» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Эдуард Гаидов Талдықорған қаласының құрметті азаматтары атанды.
Талдықорғанның құрметті азаматы атанған Райхан Серғазинова қаланың күннен күнге көркейіп келе жатқанын айтады.
Талдықорған қаласы өзіндік мәдениеті мен өнері, сәулеті келіскен мекен. Облыс орталығы Талдықорғанға көшіп келгенде қаланың жағдайы қиын еді. Жолы бүлініп, жолдары қираған, жарық пен жылу өшкен еді. Талдықорғаннан күдерін үзген халық өзге қалаға көшіп кетіп жатты. Тіптен қираған үйлерге қарап, «Чечня» деп күлкіге айналдырған кез болды. Осы жиырма жылда көптеген іс атқарылып, көз сүйсінер жағдайға жеттік. Биік үйлер бой көтеріп, медицина және әлеуметтік нысандар салынды. Кезінде көшіп кеткен жұрт қайта келе бастады, - дейді ол.