«Жетісу» газетінің 105 жылдығына орай футболдан турнир өтті
«Жетісу» газетінің 105 жылдығына орай БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Өңірдегі журналистердің басын қосқан доп додасына «Жетісу» газеті, «Жетісу» радиосы, «Жетісу» ТРК, Қоғамдық даму басқармасы командалары қатысты. Бір-бірімен кезек пен кезек кездескен 4 команда өзара мықтыны анықтады.
Ғасыр жасаған ата басылым қай кезде де оқырман үшін олжа салған құнды ақпарат көзі болған. Жалпы ел көлеміндегі газеттердің арасында тарихы терең бірден бір жарияланым. Сондықтан жастар арасында осындай шағын турнир ұйымдастыруды ойладық. Осыдан бес жыл бұрын ғасырлық тойын республика көлемінде атап өткен болатынбыз. Бүгін соның жалғасы ретінде газетке деген көпшіліктің ықыласын арттыруды көздеп отырмыз, - дейді Жетісу газетінің бас редакторының орынбасары Ришад Тұрғанбай.
Қазақ баспасөзінің ақсақалына айналған Жетісу облыстық Jetisy газеті осыдан 105 жыл бұрын ұлысты ұлт зиялыларының қолдауымен «Жетісу ісші халық мұқбірі» деген атпен оқырманға жол тартқан еді. Одан бері аты бірнеге рет өзгеріп, 1963 жылдан бері «Жетісу» атауымен жаңара жарыққа шықты. Міне, сол уақыттан бері 60 жыл артта қалыпты.
Дода барысында топтан үздік шыққан әрі қарсыластарын ірі есеппен ұтқан «Жетісу» газетінің ұжымы 1 орын алды. Екінші орынды «Жетісу» радиосы иеленді. Ал үшінші орынға «Қоғамдық даму басқармасы командасы» көтерілді.
Жарыс барысында «үздік қақпашы», «үздік ойыншы», «үздік ардагер ойыншы», «үздік шабуылшы» секілді номинациялар да табыс етілді.
Турнирде жүлде алғандардың бәріне қаржылай сыйлық пен кубок табыс етілді.