Жетісу футбол клубының бұрынғы директоры 7 жылға сотталды
Былтыр 31,9 млн теңге жымқырған деп танылған клуб басшысы Қалмұхамет Дөңсебаевқа сот шешімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Естеріңізде болса, былтыр жазда аталған клубтың сол тұстағы басшысы Қалмұхамет Дөңсебаевты облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұстаған болатын. Күдіктінің облыс бюджетін негізсіз жұмсағаны туралы анықтама беріліп, сот 2 ай уақытқа қамауға алған. Сот процесі бүгінге дейін жалғасты.
Облыстық "Жетісу" футбол клубының бұрынғы дирекоры Қ. Дөңсебаевтың 30 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны дәлелденді. Нақты дәлелдер арқылы сот үкімі шықты. Онда айыпты келтірілген барлық шығынды толық қайтаруы тиіс. Одан бөлек оның сырқатына байланысты жазасы жеңілдетілген. Науқас екені ескеріліп, 7 жылға қамауға алынады. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салынды. Келтірілген деректер дәлелденді, - дейді агенттіктің Жетісу облысы бойынша департамент басшысы Саян Ахметханов.
Оның айтуынша, өңірдегі сыбайлас жемқорлық жасау әрекеті салыстырмалы түрде баяулап келеді. Бұрынғыдай емес антикор өкілдері жүйелі жұмыс істеп жатыр.
Көпке белгілі, бірнеше жыл Жетісу футбол клубын басқарған Қалмұхамет Дөңсебаев түрлі қылмыстар жасағаны ел арасында үлкен дауға ұласқан еді. Жаттықтырушыларға артық қаражат төлеу, түрлі сыйақы тағайындау секілді фактілер спорт саласындағы жүрген мамандарды да таңғалдырған.
Жетісу футбол клубын жекеменшікке шығару жұмыстары жүріп жатыр деп естідім. Себебі өңірдің бюджетін оңды-солды шашып отырғаны анықталды. Былтырдан бері нәтижесі нашар. Одан да сол ақшаны басқа салаға салған дұрыс, - дейді спорт маманы, қала тұрғыны Еділбек Жексенбеков.
Ақмарал Қайрат