Жетісу ауылдарына су тасқыны қаупі төніп тұр
Көктемгі су тасқыны болуы мүмкін 47 елді мекен анықталды. Оның 43-іне алдын алу шаралары жүргізілсе, қалғандары кезек күтіп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр көктемде жауын-шашын мен қарғынның салдарынан өңірде қайғылы оқиғалар болғаны көпке мәлім. Сол жайттар қайталанбауы үшін облыстық төтенше жағдай департаменті дайындықтарды бастады. Қар қалың жауған, арық-атыздары бұзылған елді мекендерге арнайы техникалар жіберіп, каналдар тазартылып жатыр.
Текелі маңайындағы ауылдарға қиын. Тауға қар қалың түсті. Осыдан 2 жыл бұрын сел жүріп, Ескелді ауданына қарасты шағын ауылдарды шайып кеткен еді. Қаза болғандар да табылды. Сол тауға іргелес жатқан елді мекендерге бөгеттер тұрғызу қажет. Сосын Алакөл ауданындағы шекаралық ауылдарға да мән берген жөн. Былтыр ауыл ішінен сел өтіп, халықты бір әбігерге салған еді, - дейді Алакөл ауданының тұрғыны Тамара Бектемірова.
Бүгінде аталған департамент қызметкерлері Қаратал және Қора өзендерінің жағалауын бекітіп жатыр. Өткен жылдан бері жалғасып жатқан жұмыс аяқталуға жақын. Өзен арналарының су өткізу мүмкіндігі ұлғаймақ. Бұл әдіс көктем кезінде тиімді болмақ. Төбеден аққан қардың суы көтерілген кезде бөгеттерден асып кетпеуін қадағалап отыр.
Өңір көлеміндегі елді мекендердің арық желілері мен каналдарына тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта су тасқынына дайындық мақсатында "Көктем-2025" командалық штабтық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады. Оқу-жаттығу жиынында су тасқыны болуы мүмкін ауылдарда практикалық іс-шаралар жүреді. Техникалар мен күштік құрылымдар толықтай қатысады. Олар бәріне дайын болуы қажет. Себебі жағдай бақылаудан шықпауы тиіс, - дейді облыстық ТЖД басқарма басшысы Ринат Тазабеков.