Жетісу ауданында 40 км электр желісі қайта жаңғыртылады
Жұмыс кентіндегі 22 көшені сумен жабдықтау және кәріз желісі тұрғындардың өтініші бойынша «Алматы Су» балансына берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Жетісу ауданындағы халықпен кездесуде есеп берген қала әкімі Ерболат Досаев айтты. Қазір ұзындығы 47 км желі сынақтан өткізілуде, оның ішінде 37 км сумен жабдықтау, 10 км кәріз жүйесі бар.
Қазан айының соңына қарай ұзындығы 58 км Қазыбаев – Рысқұлов – Тәтібеков - Райымбек көшелерінің аумағында сумен жабдықтау желілерін жаңғырту және кәріз салу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда, қазір жұмыс 90%-ға орындалды, 41 км су құбыры, 14 км кәріз төселді, жұмыс аяқталған 30 көшеге асфальт төселді.
Палладин – Павлодар – Сельская – Бурундайская көшесі мен Кемел шағын ауданын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін мамыр айында 40 км ескірген желілерді қайта құру жұмыстары басталды.
Қазір осы мекенжайлар бойынша темірбетон тіректерін орнату және кабель желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 600 тірек орнатылып, 10 км кабель төселді.
Палладин-Павлодар-Сельская-Бурундайская көшесіндегі жұмыстар жыл соңына дейін, ал Кемел шағын ауданындағы жұмыстар 2023 жылдың сәуір айында аяқталады. Бұл 4000-нан астам абонентті электрмен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.