23 Қараша 2026, 06:49 Фото: instagram.com/qazaqormany

Жетісу-Алатау ұлттық паркінде сирек кездесетін сілеусін фототұзаққа түсіп қалды

Бақылау камерасы жыртқыш аңды тәуліктің әр уақытында түсіріп алған.

Жетісу-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде сирек кездесетін Түркістан сілеусіні фототұзақтың объективіне ілікті. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жариялады.

Бақылау камерасы жыртқыш аңды тәуліктің әр уақытында түсіріп алған. Күндіз сілеусін әдеттегі соқпағымен жүріп өтсе, түнде фототұзаққа жақындап, оны иіскелеп, айналасын шолып шыққан.

Бейнежазбадан сілеусіннің құрылғыға қызығушылық танытып, біраз уақыт оның маңында аялдағанын көруге болады. Мұндай кадрлар табиғатта көзге сирек түсетін жыртқыштың мінез-құлқы мен тіршілік ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді.

Мамандар фототұзаққа түскен жазбаларды ғылыми бақылау жұмыстарына пайдаланады. Олардың көмегімен ұлттық парк қызметкерлері сілеусіндердің таралу аймағын, белсенділігін және мекен ету ерекшеліктерін зерттейді.

Сонымен қатар жиналған бейнематериалдар Жетісу-Алатау ұлттық паркінің табиғат шежіресін толықтыруға үлес қосады.