Жетісу әкімдігі "94% жол жақсы" дейді, ал тұрғындар: "Жазда жамалса, көктемде жоқ"
Жетісу жолдарының ұзындығы – 4 019 шақырым, оның 1034-і – республикалық, қалғаны жергілікті маңызы бар автожолдар. Бүгінде 94%-ы "жақсы" һәм "қанағаттанарлық" күйде. Бірақ бұған тұрғындар келіспейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Цифрлық бақылау мен нақты нәтиженің арасында алшақтық бар
Олай деудің өзіндік себебі бар, жаз бастала жамалған тасжолдар келер көктемде баяғы қалпына қайта түседі. Оған жарқын мысал, облыс орталығының ішкі жолдары, қанша жамалса да келер жылы байырғы көйлегін қайта киеді. Мысалы, өңір аумағынан өтетін 4 019 шақырым жол бар десек, соның 2 985 шақырымы – жергілікті автожолдар саналады. 2025 жылдың басындағы ресми есепке сәйкес, жергілікті маңызы бар жолдардың 94%-ы "жақсы" және "қанағаттанарлық" күйде деп танылған. Алайда бұл дерекке қарап, жол мәселесі толық шешілді деу – асығыстық секілді. Жол сапасы – жай ғана цифр емес, ол – жолаушының қауіпсіздігі, уақыт, жан тыныштығы.
Жөнделді деген әр жолдың сапасына бірдей қарауға болмайды. Кейбір жолдардың төменгі қабаты ғана төселіп, асфальттың үстіңгі қабаты кейінге қалдырылып жатады. Сапа мен мерзім үнемі бір-біріне қайшы келеді: не тез істеледі – бірақ сапасыз, не ұзаққа созылады – бірақ толық аяқталмайды, - дейді қоғамдық бақылау өкілі, инженер-сарапшы Дастан Дәрібаев.
Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға 23,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының негізгі бөлігі – 16,2 млрд теңге жергілікті бюджеттен, ал 7,3 млрд теңге Ұлттық қордан алынған. Аталған қаражатқа 135,6 шақырым жол жөнделуі тиіс. Сонымен қатар, апатты 15 көпірді жөндеу – Мемлекет басшысының 2022 жылғы тапсырмасы. Қазіргі кезде 5 көпірде жұмыс басталып, оның 4-еуі қолданысқа берілді. Қалған 10 көпір бойынша 12 млрд теңгеге жобалар дайын. Бұл тұста "Инвестиция мен нақты нәтиже арасында қандай алшақтық бар?" деген заңды сауал туады.
Апатты 15 көпірдің 10-ына жөндеу жұмыстары енді басталмақ. Бұл – инфрақұрылым мен адам өмірі арасындағы тікелей байланыстың мысалы. 2025 жылы Ұлттық қордан – 4,0 млрд теңге, ал жобаларды толық аяқтауға Республикалық бюджеттен 7,3 млрд теңге қажет. 2024 жылдан бастап облыста жолдарды диагностикалау мен цифрландыру басталды. Бұл мақсатта 201 млн теңге бөлініп, арнайы мобильді қосымша мен электронды портал әзірленуде, - дейді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысының орынбасары Айдос Досжанов.
Жобаның идеясы жақсы, алайда жолдағы нақты мәселелер әлі де шешімін таппай отыр. Жолдағы мәселелерді шешу үшін автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылып жатыр. Былтыр 2 АӨЖ қойылса, осы жылы тағы 2 учаскеде, яки Кәлпе және Қарабұлақ бағытында орнату көзделген. Алайда кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін жарықтандыру мен қауіпсіздік белгілері жетіспейді.
Жаңарған жол бар, бірақ белгілер мен тосқауылдар дер кезінде орнатылмайды. Түнде жүру – үлкен қауіп. Әсіресе, ауылішілік жолдарда жаяу жүргінші өткелдері мүлде көрінбейді. Жетісуда бөлінген қаржы аз емес. Бірақ мәселе тек бөлінген қаржыда емес – оның сапалы және дер кезінде игерілуінде. Кей жолдарда тек төменгі қабат төселіп, жылдап күттіріп қояды. Бұл, бір жағынан, халықты алдау, - дейді жүргізуші Ержан Бекенұлы.
2024 жылы жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында 700 жол белгісі, 3 000 м металл тосқауыл, 6 000 м² жол сызбалары жаңартылады. Жалпы 85 750 м² жол ағымдағы жөндеуден өтеді. Қазіргі күні 55 410 м² жөндеу жұмыстары орындалды. Бірақ жаяу жүргінші жолақтарының көрінбеуі, жарықтандырудың жетіспеуі – жиі сын айтылатын мәселелер болып қала бермек.
Бұрқан-бұлаққа барар жол қашан бітеді?
Жетісудағы ең көркем табиғи нысандардың бірі – Бұрқан-бұлақ сарқырамасына баратын жолды жөндеу де 2025 жылға жоспарланған. Бұл бағыт – аймақтың туристік бренді, бірақ онда жету күрделі жол азабына айналған. Осыны ескерген облыс әкімдігі 2024 жылы жолды қайта жаңғырту жобасын (ЖСҚ) дайындап, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.
"Бұрхан бұлақ" сарқырамасына апаратын облыстық маңызы бар автомобиль жолына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 14,1 млрд теңге. 2025 жылға ҰҚ қаражатынан 3,3 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда мердігерлік мекемемен келісімшарт жасалып ("Прогрес КЗ" ЖШС), дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда басқарма тарапынан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын және олардағы жасанды құрылыстарды күтіп ұстау және жөндеу бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орындауда мердігерлер жұмысына талап, бақылау күшейтілді, - дейді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысының орынбасары Досжанов.
Оның айтуынша, мердігер ұйымдар орындайтын жұмыстардың сапасын бақылау 5 сатылы жүзеге асырылады. Яғни басқарма, мердігер мекеме, техникалық қадағалау, авторлық бақылау және "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Жетісу облысы бойынша филиалы бақылайды.
Жалпы облыста жол саласын цифрландыруға және техникалық бақылауға ерекше мән беріліп отыр. Былтырдан бастап автомобиль жолдарын диагностикалау және паспорттау жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа 201 млн теңге бөлініп, арнайы мобильді қосымша мен электронды карта дайындалуда. Жол активтерінің сапа орталығы мен техникалық бақылау мамандарының айтуынша, бүгінде жол сапасын 5 деңгейлі жүйе арқылы бақылау жүргізіледі. Бірақ кейде мердігер ұйымдар формалды түрде есеп беріп, нақты сапаға мән бермейді.
Бұрқан бұлақ – біз үшін табиғи байлық қана емес, табыс көзі. Бірақ туристер жолдың нашарлығынан келуге қиналады. Қазір басталған жұмыстар дұрыс әрі сапалы жүрсе, ауыл туризмі дами түсер еді. Жыл сайын жолға мол қаржы бөлінуде, маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Алайда сапа мен мерзім мәселесі өзекті күйінде тұр. Шалғай ауылдардың жолдары мен белгілерін ұмыт қалдырмау қажет. Цифрлық бақылау мен нақты нәтиженің арасында алшақтық бар, - дейді жергілікті кәсіпкер Қанат Беркінбаев.
Бұрқан бұлақ пен Балқаш – тек табиғи байлық емес, аймақтың экономикалық қозғаушы күші. Сондықтан бұл бағыттарға апаратын жолдарды жақсарту – туризмнің ғана емес, жергілікті халықтың болашағына салынған жол болмақ.
Иә, Жетісу жолдарына бөлінген қаржы ауқымды, бірақ сапа мен уақытты үйлестіру мәселесі әлі де өткір күйінде тұр. Бір жағынан – үлкен жобалар мен президенттік тапсырмалар орындалып жатыр. Екінші жағынан – шалғай ауылдар, ескерусіз қалған учаскелер, сапасыз немесе кешіктірілген жұмыстар бар. Жетісулықтар жол саласына қоғамдық бақылау механизмін күшейту керектігін айтып отыр.
Барлық жұмыстардың ашық электронды картасын жасау керек. Сонда іс нәтижелі болады. Мердігерлердің жауапкершілігін заңмен нақтылау кенже қалып келеді. Жауапты мамандар іске салғырт қарайды. Сосын туризмге бағытталған тасжолдарды ертерек жасау керек. Бұл өңір экономикасы қосымша қаржы әкеледі, - дейді ардагер журналист Айтақын Бұлғақов.
Жетісу жолдарының жай-күйі – бұл жай ғана құрылыс мәселесі емес. Бұл – аймақтың экономикалық әлеуеті, туризм болашағы және тұрғындардың өмір сапасы. Сондықтан кез келген жаңғырту мен жөндеу – уақытша есеп үшін емес, ұзақмерзімді нәтиже үшін жасалуы тиіс.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жетісу жолында қаза тапқандар саны артқан.