Жетісайлық полицей егде жастағы әйелді өрттен аман алып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жетісайлық полицей қызыл жалынға оранған қойманың ішінен әжені аман алып шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тілсіз жаудан егде жастағы әйелді құтқарған полицей – Жетісай аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы Аян Хайруллаев.

Ол отбасымен бірге Шымкенттен көлікпен келе жатып, сусын алу үшін Қазығұрт ауданына қарасты күре жолдың бойындағы дүкені бар жазғы тамақтану орнына тоқтаған. Осы сәтте көліктен түскен полицейге сол жердегі жас қыз жүгіріп келіп, өрт болып жатқанын, ғимарат ішінде апасы қалып қойғанын айтып, көмектесуін сұрапты.

Оның бір ер адам шығып, ішке кіре алмай тұрғанын, іштегі адамды құтқару керек екенін айтады. Екеулеп қызыл жалынға оранған қоймалардағы өртті сөндіруге кіріседі. Су болмағандықтан, олар жерді қазып, өртті топырақпен сөндіруге әрекет етеді. Полицей топырақпен жол жасай отырып, қызыл жалынның ортасында қалған әжені өрттен аман алып шығыпты.

Ойланып тұруға уақыт болмады, содан бірден отқа оранып жатқан жерге кіріп кеттім де, апаны сыртқа алып шықтым. Қайғылы жағдайдың алдын алуыма қызмет барысында оқып-үйренген өрт қауіпсіздігі туралы ереженің пайдасы тиді, – дейді Аян Хайруллаев.

Бұл жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 202-бабымен (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) тіркеліп, қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы