Жетісайлық диқандар жаңа тәсілмен мақта екті
Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында «Керімхан» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, қытай технологиясымен мақта дақылын егу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ/KZ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мақта шаруашылығына қатысты түйіткілді мәселелердің шешілу жолдары талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Тың технологиялық әдіспен егуді диқандарға үйретудің маңыздылығын айтқан өңір басшысы, бұл кәсіпті тұрақты табыс көзіне айналдырған азаматтардың жаңашыл бағытқа бет бұруын қолдады.
Қожалық иесі Мұрат Құрбанов өткен жылы иелігіндегі 160 гектар егістік жерінің 10 гектарына қауын ексе, 150 гектарына мақтаның «Сұлтан» сортын егіп орта есеппен гектарынан 31,5 центнерден өнім алған. Ал, биылғы жылы 100 гектарға мақтаның жергілікті «Мақтарал 50/27» сортын, 40 гектарға «Сұлтан» сортын және 20 гектар жерге Қытай елінен әкелінген мақта шитін себуде. 11 ауыл шаруашылығы техникалары бар қожалықта бүгінде жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жаңа әдіспен мақта егіп, жақсы сападағы әрі мол өнім алуды көздеп отырмыз. Әзірге тәжірибе алып, үйреніп жатырмыз. Қызығушылық танытып отырғандар көп. Алғашқы өнімнен нәтиже шығарамыз. Тамшылатып суарудан су үнемделеді. Жалпы жан-жақты тиімді тәсіл дей аламын, - дейді шаруа.
Жалпы ауданда өткен жылы 79273,4 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының 45 167,4 гектары мақта, 3317,2 гектары көкөніс, 182,7 гектары картоп, 18 780,3 гектары бақша, 5342,2 гектары мал азықтық дақылдар мен 6483,6 гектары дәнді дақылдар болса, биылғы жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр.
Оның ішінде, 42 мың гектар жерге мақта, 17,2 мың гектар жерге бақша, 3,5 мың гектарға көкөніс, 7,4 мың гектарға дәндік жүгері, 6,7 мың гектар жерге мал азықтық дақылдары мен 0,7 мың гектар жерге күріш дақылдарын егу көзделуде.
Одан бөлек, бүгінгі таңда 1278 гектар жерге қырыққабат, 1920 гектар жерге мақта, 355 гектар жерге қызанақ, 212 гектар жерге қияр, 197,5 гектар жерге баклажан, 179 гектар жерге болгар бұрышы, 15389 гектар жерге бақша, 523 гектар жерге дәндік жүгері мен 2098 гектар жерге жаңа жоңышқа дақылдары егіліп отыр. Егін егу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.