Жетісайдағы өрт: Қаза болғандар жайлы жаңа дерек шықты
Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Алғабас ауылында өртенген екі қабатты үйде қаза болған 12 адамдар жайлы жаңа дерек шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
KabyltayevJournalist телеграм-каналының ақпаратына сәйкес, өрт салдарынан 12 адам мерт болды, олардың ішінде 9 бала бар. Ең кішкентай құрбан 2024 жылы туған қыз бала. Қаза тапқандардың жастары 2009-2021 жылдар аралығында.
Бес адам бір отбасының мүшелері болды - үш қыз және екі ұл. Басқа отбасының бір қызы (2018 жылы туған) аман қалды.
Өрттен кейін медициналық мекемелерге үш адам – екі ересек және бір бала жеткізілді. Барлығы реанимация бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалайды. Науқастарға интенсивті терапияның толық көлемі көрсетіліп, әрқайсысы салалық мамандардың қатаң бақылауында, - деп хабарлаған болатын жергілікті Денсаулық сақтау басқармасы.
Жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметі өрттің себептерін анықтап жатыр.
BAQ.KZ редакциясы марқұмдардың жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Бұған дейін ТЖМ таңғы уақытта Түркістан облысы ТЖД-ның “101” бірыңғай байланыс пультіне Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскенін хабарлады. Өрт жалпы 360 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.
Президент қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, тергеу жүргізуді тапсырды.