Жетісайдағы өрт: Емханаға жеткізілген үш адамның жағдайы белгілі болды
18 қарашада Жетісай ауданында болған өрт оқиғасына байланысты өңірдің медициналық қызметтері дереу күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысы әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, зардап шеккендерге алғашқы сәттен бастап жедел медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Өрттен кейін медициналық мекемелерге үш адам – екі ересек және бір бала жеткізілді. Барлығы реанимация бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалайды. Науқастарға интенсивті терапияның толық көлемі көрсетіліп, әрқайсысы салалық мамандардың қатаң бақылауында, - делінген хабарламада.
Жедел медициналық көмек қызметі күшейтілген режимге ауыстырылды. Облыстық деңгейдегі денсаулық сақтау ұйымдарынан қосымша мамандар жұмылдырылып, қажетті дәрі-дәрмек, жабдық және психологиялық қолдау шаралары қамтамасыз етіліп жатыр.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы жағдайды толық бақылауда ұстап, зардап шеккендердің денсаулығына байланысты жаңартылған ақпаратты үздіксіз бақылап отыр.
Бұған дейін ТЖМ таңғы уақытта Түркістан облысы ТЖД-ның “101” бірыңғай байланыс пультіне Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскенін хабарлады. Өрт жалпы 360 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.
Президент қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, тергеу жүргізуді тапсырды.