Жетісайда 12 көпбалалы отбасыға баспана салынуда
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы Жетісай ауданы Қазыбек би ауылдық округінде «Баспанаға жол» акциясы аясында 12 отбасылық 6 баспананың іргетасы қалануда.
Енді бірер айдан кейін 12 көпбалалы отбасыға жаңа баспананың кілті салтанатты түрде табысталады. Бұл бастамаға «Нұғман» мешітінің ұжымы мұрындық болып отыр.
Мешіт басшылығы бұған дейін «Баспанаға жол» атты қайырымдылық қор құру арқылы үйсіз жүрген 7 отбасыға баспана сатып алып берген. Бұл сол қайырымдылық істің жалғасы дейді орталық мешіттің бас имамы Бекзат Сыздық. Оның айтуынша, 12 отбасылық баспаналарға қажетті жер телімдерін Қазыбек би ауыл округінің басшылығы арнайы бөлген.
«Аталған қорға қаржы жинау үшін барлық дүкендер мен сауда орындарына арнайы жәшіктер орнатылған. Сол жәшікке әркім өз қалауынша, жағдайына қарап, садақа ретінде қаржы тастайды. Жиналған қаржыны шашпай-төкпей үй құрылысына жұмсап жатырмыз. Ауданымызда кәсіпкер, қалталы азаматтар аз емес, олар да қолдарынан келгенше жәрдемдерін беріп жатыр», - дейді Бекзат Сыздық.
Қазіргі таңда соңғы алтыншы баспананың іргетасы құйылып бітуде. Заманауи үлгіде бой көтеретін үйдің ұзындығы 18, ені 9,5 метрді құрайды.