Жетінші Парламент пен мәслихат сайлауы басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, яғни 10 қаңтарда елімізде Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.
Биылғы сайлаудың ерекшеліктері
Бұл сайлаудың басты ерекшілігі – соңғы 16 жылда алғаш рет мерзімінен бұрын емес, қазіргі шақырылымдағы депутаттардың өкілеттігі аяқталғанға дейін 2 ай бұрын, конституциялық мерзімінде өткелі тұр.
Мәжіліс депутаттарымен бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы да өтеді. Жергілікті мәслихаттар сайлауының ерекшелігі - бұл науқан алғаш рет партиялық тізім бойынша болмақ.
Одан бөлек, жаңадан сайланған Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады. Тағы бір жаңалық - тұңғыш рет әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілді.
Парламент Мәжілісі сайлауының қысқаша тарихы
Елімізде бұған дейін алты рет Парламент Мәжілісінің сайлауы өткен. Ең алғашқы сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда болды. Ол кезде мажоритарлық жүйе негізінде 67 депутат сайланды.
Келесі сайлау 1999 жылы өтті. Президент конституцияға жаңа өзгерістер енгізді. Мәжілісмендер жаңа схема бойынша сайланды. Яғни Парламентке саяси партиялар арқылы сайлану мүмкіндігі туындады. Оған 10 саяси партия қатысты. Парламентке 5 партия мен кәсіподақтар федерациясы және 23 тәуелсіз депутат өтті. Бұл жолы сайлауда депутаттар саны 10-ға артып 77 болды. Мәжілістегі әйел депутаттардың саны сегізді ғана құрады.
Үшінші сайлау 2004 жылы өтті. Бұл мерзімді сайлау болатын. Ол кезде саяси алаң қызып тұрған. Жаңа партиялар құрылып, оппозицияның ең бір дәуірлеген кезі. Додаға түскен партиялар саны жөнінен жаңа рекорд тіркелді. Мәжілістегі жылы креслоға 12 партия үмтікер болып тіркелді. Бұл жолы да 67 депутат мажоритарлық жүйе негізінде, 10-ы партиялық тізім бойынша өтті. Олардың ішінде «Отан» республикалық саяси партиясынан – жеті депутат, «Асар» республикалық партиясынан, «Ақжол» демократиялық партиясынан, АИСТ сайлау блогынан, Қазақстанның Аграрлық және Азаматтық партияларынан бір-бірден депутат сайланды.
Мәжілістің төртінші шақырылымының сайлауы 2007 жылдың тамызында, Конституцияға сол жылдың мамырында енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сай өткізілді. Парламент құрамы 107 депутатқа кеңіді. Жеті саяси партия қатысқан сайлауда 7 пайыздық межені тек атауы өзгерген Nur Otan партиясы еңсерді. Қалған депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.
2011 жылдың қараша айында сол кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев кезектен тыс сайлау туралы қауесеттерге түсініктеме беріп, теориялық тұрғыдан депутаттар өзін-өзі тарату туралы бастама көтере алатынын айтты. Ол «Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына кем дегенде екі партиялы парламентпен кіруі керек» деп мәлімдеді.
Осы пікірден кейін келесі күні БАҚ-та депутаттар Президенттен Мәжіліс пен мәслихаттарды таратуды сұрап отырғаны туралы хабарланды.
Бір аптаға жетпей Назарбаев «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін тарату және мерзімінен бұрын сайлау тағайындау туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл депутаттардың өз-өздерін мерзімінен бұрын төртінші рет таратулары болды.
Бесінші шақырылымның құрамы 2012 жылғы қаңтарда жасақталды. Сайлауға жеті саяси партия қатысты. Оның ішінде үшеуі сайлаушылардың 7%-дан артық дауыстарын алып, Парламент Мәжілісіне өтті. Олар Nur Otan партиясы (80,99%), Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19%).
Парламент Мәжілісінде Nur Otan партиясынан – 83, «Ақ жол» партиясынан – 8, ҚКХП-дан 7 депутат жұмыс істеді.
Ал алтыншы Мәжіліс сайлауы 2016 жылы 20 наурызда өтті. Сайлауға қатысқан алты партияның үшеуі сайлаушылардың 7 пайыздан астамының дауысына ие болып, Мәжіліс құрамына кірді. Олар Nur Otan партиясы (82,20 пайыз), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы (7,18 пайыз), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,14 пайыз).
Мәжілістің қазіргі алтыншы шақырылымының өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.
Биылғы сайлау
Биылғы сайлауға 5 партия қатысады. Орталық сайлау комиссиясы жалпы 312 кандидатты тіркеді. Тізімге 90 әйел және 222 ер адам енген. Оның ішінде ең көбі – Nur Otan партиясынан (126 адам). Екінші орында – Қазақстан халық партиясы (113 адам). Ал «Ауыл» партиясы – 19, Adal партиясы – 16, «Ақ жол» демократиялық партиясы 38 кандидатты тіркеді.
Ал бес партия мәслихатқа 832 кандидат ұсынған. Еліміздің заңнамасы бойынша, депутат болғысы келетін адам партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік жоқ.