6 Тамыз 2026, 00:10 Фото: скрин

«Жетінші арнадағы» сайлауалды теледебат аяқталды: партиялар білім беру саласына қатысты бастамаларын таныстырды

«Жетінші арнада» өткен сайлауалды теледебаттың екінші кезеңі білім беру жүйесін дамыту тақырыбына арналды.

«Жетінші арнада» өткен сайлауалды теледебаттың екінші кезеңі білім беру жүйесін дамыту тақырыбына арналды. Алғашқы Қазақстан Құрылтайына үміткер жеті саяси партияның өкілдері жоғары білімнің қолжетімділігі, жасанды интеллектіні енгізу, мұғалімдердің жалақысын арттыру, экологиялық тәрбие және колледждерді реформалау бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

Жасанды интеллект, шетелдік студенттер және мұғалімдердің жалақысы

«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы алдағы бес жыл ішінде 5 миллион қазақстандықты цифрлық қауіпсіздік пен жасанды интеллектіні пайдалану дағдыларына оқытуды ұсынды. Оның айтуынша, бағдарлама оқушыларды, педагогтерді және егде жастағы азаматтарды қамтиды. Сондай-ақ жеке деректерді қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы тиіс екенін айтты.

Respublica партиясы жоғары білім беру саласын дамытуға бағытталған бес бастамасын таныстырды. Атап айтқанда, шетелдік талапкерлерді қабылдаудың цифрлық жүйесін енгізу, халықаралық және қос диплом бағдарламаларын кеңейту, онлайн-білім экспортын дамыту, тәуелсіз аккредиттеуді жетілдіру және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін арттыру ұсынылды.

«Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей мұғалімдердің жалақысын көтеріп, олардың еңбек жағдайын жақсарту қажеттігін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік және жекеменшік мектептерді тең дәрежеде қаржыландыру жөніндегі бастамаларын еске салды.

Тегін жоғары білім және экологиялық тәрбие

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) өкілі Мақсұт Насибулов жоғары білімді тегін ету мәселесін көтерді. Оның пікірінше, Германия, Норвегия және Финляндиядағы тәжірибе бұл модельдің тиімділігін көрсетіп отыр. Сондықтан жоғары білім алу мүмкіндігі азаматтардың материалдық жағдайына тәуелді болмауы керек.

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілі Аслан Байзаханов экологиялық тәрбиені балабақшадан бастап қалыптастыру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, экологиялық мәдениет адам өмірінің барлық кезеңінде жалғасуы тиіс. Сондай-ақ партия осы уақытқа дейін 150 мыңнан астам адамды экологиялық сауаттылыққа үйреткенін мәлімдеді.

Ауыл квотасы және колледждерді реформалау

«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына бақылауды күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, ауыл квотасымен жоғары оқу орындарына түскен түлектер оқуын аяқтағаннан кейін туған ауылдарына барып еңбек етуі тиіс. Сонымен қатар соңғы үш жылда бағдарламаның 166 қатысушысы келісімшарт талаптарын бұзып, мемлекетке 700 миллион теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндеттелгенін айтты.

Қазақстанның Халық партиясы жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін реформалауды ұсынды. Партия өкілі Бейбіт Құсайынов колледждерді салалық жекеменшік компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру бастамасын көтерді. Оның пікірінше, бұл студенттердің оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік беріп, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін арттырады. Қазіргі таңда колледж түлектерінің шамамен 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.