Ертіс өңірінде жетімдерді қолдау мақсатында арнайы жол картасы әзірленеді
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетім балалар жергілікті әкімдікке шағымдарын жеткізді. Оларды алаңдатқан - тұрғын үй мәселесі.
Бұл әлеуметтік топқа жататын 30-ға жуық азамат әлеуметтік желілер арқылы шағымдарын айтты. Қыз-жігіттердің айтуынша, баспана кезегі өте баяу жылжуда.
Шағымнан соң жетімдер мен жергілікті билік өкілдері кездесіп, мәселені шешудің жолдарын қарастырды. Павлодар қалалық қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Бектасованың айтуынша, «ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынан айырылғандарға пәтерлер тек кезек бойынша беріледі.
Қолданысқа берілетін әр нысандағы пәтерлердің 20% осы санаттағы азаматтарға үлестіріледі. Кезек бойынша. Өткен жылы небәрі 27 пәтер берілді. Осы жылы әлеуметтік үйлер құрылысы жүргізілген жоқ. Сондықтан, олар ел қатарлы кезекте тұруы керек, - дейді Алтынай Бектасова.
Сала мамандарының айтуынша, бірнеше жыл бұрын жетімдерді әлеуметтік қолдаумен балалар құқықтарын қорғау департаменті айналысқан.
Енді жергілікі биліктің мұрындық болуымен жол картасы әзірленбек. Әзірге ұсыныс-тілектер қарастырылып жатыр. Олардың айтуынша, жетімдерді қолдау үшін тұрғын үй сертификаттарын беру, ипотеканың бастапқы жарнасынан босату түріндегі қолдау шараларын ұсынуға болады. Дегенмен, жан-жақты қарастырылған жөн.
«Ертіс - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ризабек Исабековтің айтуынша, аймақта жетімдер мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйым құрылмақ. Бірлестікті ашуға аймақтың мемлекеттік органдары қолдау көрсетуге әзір.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс тұрғындарының 15 мыңнан астамы тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың 2500-ге жуығы - ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетімдер.