«Жетім бұрышта сабылған студенттер». Жатақхана мәселесі неге шешілмей тұр?

Алматыға оқу іздеп келген студенттер жататын жер таппай сабылып жүр. Жатақханада орын жоқ, ал пәтер бағасы қарыштап кеткен. Білім гранты артып, студенттер көбейген сайын бұл мәселе шешімін таппай келеді. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі студенттер мен ата-ана шағымдарына үңіліп, жауапты органдардың сөзіне құлақ түрді.

Жастар «жетім бұрышты» жағалап жүр

Әлеуметтік желілерде Алматыда далада қонып жүрген студенттердің видеосы тарады. Facebook қолданушысы Ғабит Тоқсанбаев студенттердің метрода, вокзалда, көшедегі орындықта түнеп жүргенін жазды

Биыл бұл мәселе күйіп тұр. Табанымнан тозып Алматыны екі күн шарлап шаршадым, әрі қалта да қағылды. Студенттерді пәтерге алмайды. Алматыдағы жоғары оқу орындар алдында, «жетім бұрышта» сабылған қазақ балалары. Қарап тұрып жүрегім ауырды, жылағым келді. Ары-бері өткендерге жәутең-жәутең етеді. Не жазықтары бар?! Қазір енді олар пәтер іздей ме, сабақтарын оқи ма? Білмеймін. Мынау жыл сайын соры қалыңдай беретін, өзекті мәселеге айналды, – деп жазды Дәулетхан Жинеқұлов.

Асхат Ахмедиярдың інісі Алматыдағы Нархоз университетіне ауылдық квотамен мемлекеттік грантқа түскен. Ауылдан қалаға келерде жатақхана берілетініне сенімді болған соң пәтер іздемеген. Аталмыш оқу орны студенттерден онлайн өтінім қабылдаған. Алайда Асхаттың інісі қалаға келгенде «өтпедіңіз» деген хабар алған.

Алматыда әлі жатын жер таппай жүрміз. Інім Нархозға түсті. Биыл 2000-нан аса талапкерді оқуға қабылдаған. Оның 1300-і – мемлекеттік грант. Жатақханасында орын жоқ. Ректоры Мирас Дауленовке де жаздық, министр Саясат Нұрбекке де жеткіздік. Кешенді зерттеу мен шешімдері, инфрақұрылымы, жатақханасы жоқ болса мемлекеттік грантқа тапсырыс берудің не қажеті бар? Алматыда нәубет деуге болады. Сұмдық. Жаның емес, қаның қайнайды... Қаңғырып жүрміз. Грантқа түскен 1-курс студенттерінің 70 пайызына жай ғана физикалық жатын орын жоқ. Шамалғаннан қатынап жүрген, жарты күні жолға кететін баладан қандай білім сұрауға болады? – деп жазды студент Асхат Ахмедияр.

Оның сөзінше, жауапты мамандар орын жетіспейтінін, ең алдымен әлеуметтік әлсіз топтарға, жетімдер, мүгедектер мен шетелдіктерге басымдық берілгенін айтқан.

Университетке барғанда ата-аналар мен сенділіп жүрген студенттерді көрдік. Тізім жасаланып кімде-кім жатақханада тұрудан бас тартса сол тізім бойынша орналастырамыз деді. Нархоздың президенті Мирас Дәуленов жатақханадан орын әділ бөлінді деп бұйрыққа сілтеме жасап отыр. Егерде инфоқұрылымы, яғни жатақханасы дайын болмаса, неге сонша мемлекетке грантқа тапсырыс береді? Ғылым және жоғары білім министрлігі әу бастан дұрыс есеп жүргізбеген. Менеджемент жоқ, грант санын қисынсыз көбейткен. Көбейтер болса, оған дайындалу керек еді. Жатақхана салуға тағы қаржы бөлінуі үшін осы мәселе керек болған шығар, – деді ол.

Нархоз университеті директорлар кеңесінің мүшесі Ерлан Оспанов жатақханада орын тапшылығы мәселесі неге шешімін таппағанын түсіндірді.

Биыл университетіміздің бас кампусын қайта жаңғырттық. Онымен қоса жатақхана салуды жоспаралған едік. Бірақ, күтпеген жағдай. Жатақхана салуға арналған жерді жақын маңдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары басып алып, көлік тұрағына айналдырған. Заңсыз. Өзгенің аумағында. 
Жоспарлау жұмыстарын жүргіземіз дегенде олар наразылыққа шығамыз деп қорқытты. Тұрғындар алаяқтардан сатып алған автотұрақтарды өздерінде қалдырғысы келеді, – деп жазды Ерлан Оспанов. 

«Университеттер студенттерді  шамасына қарай қабылдамайды»

Саясаттанушы Мақсат Жақау студенттер жүйесіздіктің құрбаны болып жатыр деген пікірде. Оның сөзінше, бірінші курста студенттердің 60 пайызына жатақхана беріледі. Келер жылы жатақханадан еріксіз қағылады, себебі өзі сияқты кезінде бірінші курс студенті келіп орналасуы керек.

Мемлекетке сонша маман керек болса, неге грантымен қоса жатақханасы қарастырылмаған. Кім кінәлі? Университет кінәлі дейін десең, оқу орнын студент пен ата-ана таңдап отыр. Ата-ана мен студентті кінәлайын десең бала мамандық алып шығуға тиіс. Бірақ бәрі миллионер емес, айына 150-200 мыңдық пәтер жалдауы керек. Бұл жылда қайталанатын мәселе. Түбінде қиналатын студент пен уайымдайтын ата-ананың мұң-мұқтажына ешкім жауап бермейді. Бұл меніңше, нағыз жүйесіздік, – деп жазды ол Facebook-те.

Мақсат Жақау жауапты органдарға бірнеше сауалын жолдады.

Біріншіден, мамандыққа бөлінетін грантқа аймақтық деңгейдегі университеттердің жоқтығы. Әйтпесе Атыраудан қаңғып неге Алматыдағы университеттерге оқуға түседі? Өз аймағында да дәл сол білім беру бағдарламасымен оқытуға болмас па еді? Екіншіден, жылда гранттар көптеп бөлініп жатса, ендеше балаға тұрақты, дұрыс оқи алатын жағдай жасау қажет емес пе? Үшіншіден, неге университеттер студенттерді қабылдар кезде шамасына қарай, яғни аудитория, жатақхана, асхана, оқытушы сағаттары сияқты жүктемелерді ескере отырып қабылдамайды? – деп сұрады саясаттанушы.

Оның сөзінше, былтыр Нархоз университеті 600 студентті ғана қабылдау лимитін қойған. Ал кейбір университеттер талапкерлерді шамадан тыс қабылдау салдарынан студенттері метро мен вокзалда түнеп, көше кезіп, қала шетінен арзан пәтер іздеп кетті дейді ол.

Ал балаға бірнәрсе болса кім жауап береді? Бұл әлеуметтік күйзелісті тудырып, билікке деген өшпенділікті арттыратын құбылыс. Сондықтан, бұл жүйесіздік тоқтауы керек, – деді ол.

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Талғат Жанысбай қалада студенттер пәтер жағалап, далада қонып жүргені бірнеше күннен бері шу болып жатқанын айтады.

ЖОО арасында жатақхана жетіспеушілігі шындық. Өткен айда арнайы жатақхана тексеру бойынша құрылған мониторинг тобы құрамында болып, жатақханалардың жай-күйімен таныстым. Өкінішке қарай, оқу орындары жалпы студенттердің 40% ғана жатақханамен қамтамасыз етіп отыр. Оның 33%-ы 1-курс болса, 7%-ы жоғары курстардың ішінен іріктелген көпбалалы және тағы басқа санаттар бойынша ілінгендер, – деді ол.

Оның сөзінше, Алматыда 36 жоғары оқу орны мен 83 колледждің жалпы алғанда 60 пайыз студенті пәтер жалдап, тозып жүр. Ал бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны орта есеппен 150-200 мың теңге екенін айтады. 

Министрлік «далада қалған» студенттер жайлы ақпаратты жоққа шығарды

Ғылым және жоғары білім министрлігі «далада қалған» студенттер жайлы ақпаратты жоққа шығарды. Министрлік оларды мұқият зерделеп, көпшілігі бір парақшадан алынғанын және ондағы мәліметтің расталмағанын хабарлады.

БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желідегі парақша иелері министрліктің баспасөз қызметіне ол студенттер жайлы нақты деректерді ұсына алмады.  Осыған орай қоғам өкілдері мен Бұқаралық ақпарат құралдарын тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз. Студенттердің жатақханаға орналасуына қатысты сұрақтар туындаса жоғары оқу орындарының әкімшілігіне хабарласуды сұраймыз, – деді министрліктің баспасөз қызметі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі университеттер шәкірттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз етіп жатқанын, қажет болған жағдайда орын жетпеген студенттер хостелдер мен қонақүйлерге орналастырылатынын мәлімдеді.

Жоғары оқу орындары студенттерінің жатақханаларға орналасу мәселесі біздің назарымызда. Шыны керек, жоғары оқу орындары көп шоғырланған ірі мегаполистерде жатақхана тапшылығы жылда туындайтын мәселе. Оны шешу үшін үкімет тарапынан жеке меншік серіктестік жобасы арқылы кәсіпкерлер де тартылғанын білесіздер. Ал жағдайды тез арада реттеу үшін министрлік тарапынан ЖОО басшыларына хостелдермен және қонақүйлермен келіссөз жүргізуді ұсындық, - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев студенттерді жатақханамен қамту мәселесі толық шешілгенше Алматыда болады. Оның айтуынша, Қазақстан бойынша студенттердің 30%-ы, 180 мың адам Алматыда оқиды. Алматыда студенттердің тек 30% жатақханамен қамтамасыз етілгенін, қалған 30% баспана жалдаса, 40% туыстары мен жақындарының үйінде тұратынын атап өтті.

Қала әкімдігімен бірге хостел, қонақүй иелерімен келісімге келдік. Қазір 7 мыңнан астам студентке орын табылып, сонда орналасып жатыр. Абай атындағы ҚазҰПУ төрт хостелдің иесімен кездесіп, мыңнан астам студенттің пана табуына мүмкіндік жасады, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, былтыр елімізде шамамен 49 жатақхана бой көтерген. Биыл 10 мыңнан астам орынды 40 жуық студенттер үйі салынады деп жоспарланған.

«Ата-ана балам жатақханаға орналаспаса не істеймін деп ойлануы керек»

Абай университеті Филология институтының ғылым бойынша директорының орынбасары Алмас Найманбай жатақханада орын тапшылығы жылдан жылға артып келе жатқан білім гранты санымен байланысты дейді. Ал жаңарған жатақхана немесе жаңа орындар салынып жатқан жоқ.

Университетіміз мүмкіндігінше студенттерді орынмен қамтуға тырысып жатыр. Хостелдерді жалға алып, жоғары курстың студенттерін орналастырып жатыр. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, ата-ана да балам жатақханаға орналаспаса не істеймін, қайда жатқызамын деп ойлануы керек. Ірі қалаларда пәтер жалдау құны тіпті қарыштап тұрғанын білмеуі мүмкін емес. Сондықтан көрпеге қарай көсілу дегендей, шама жететін, балаға жағдай жасай алатын жерге оқытуды әу бастан есептеп қоймаса болмайды. Бұл бір күнде немесе бір жылда шешім таппайтын күрделі мәселе екені анық,  – деп жазды ол.

Алматыда мониторинг тобы 95 жатақхананы тексере келе оның жиырмасынан өрт қауіпсіздігі, жөндеу жұмыстарының аяқталмауы, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талапқа сай келмеуі, студенттердің жатақханаға ретсіз орналасуы секілді кемшіліктер анықтаған.

ЖОО-ларға кемшіліктерді түзету жөнінде ескерттік. Биыл Алматыдағы 95 жатақханаға 30 мың студент орналасты. Былтыр қалаға аймақтардан 112 мың студент келсе, биыл 120 мың студентке көбейген. Түнде вокзал, автовокзал секілді қоғамдық орындарды тексергенде көшеде түнеп жүрген бір студент көрмедік, – деді Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Ғазиз Қажденбеков.

Оның сөзінше, қалада хостелде бір айға тұру шамамен 50 мың теңге, ал жатақханада тұру бағасы орта еесеппен 35-50 мың теңге.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы