"Жетім бұрыш": Алматыдағы әйгілі орынның бүгінгі жай-күйі қалай

Алматы студент жастар мен еліміздің әр өңірінен келген жандардың тоғысқан ортасы. Жыл сайын қалаға ағыла келген жұртшылықты толғандыратын басты мәселе - жалға тұратын пәтер табу. Мегаполисте ақысына жағдайы сай келетін пәтер табу оңай емес. Қалаға келушілердің қатары артқан сайын пәтерді жалға алу құны да өсе беретіні анық. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі аты аңызға айналған қаладағы "жетім бұрышқа" барып, ондағы пәтер бағаларымен танысып қайтты.

Мегаполистің Д.Қонаев пен М.Мақатаев көшелерінің қиылысында орналасқан "жетім бұрыш" Алматыға келген студенттер мен жастар үшін көп жылдар бойы танымал орындардың бірі болды. Дегенмен, әлеуметтік желілердің дамуы бұл орынды келушілерінен айырған десе де болады. 

Мұнда бүгінгі күні баяғыдай қаптап тұратын маклерлерді көзіміз шалмады. Айналасы 5-6 адамның “жетім бұрышта” пәтер ұсынып отырғанын көруге болады. Бірақ “жетім бұрыштың” табысы толықтай тоқтаған деуге келмейді. Әлі күнге осы бұрышты маңайлап, пәтер іздеушілер бар. 

Бірі отбасына, енді бірі студент баларына сұрап жатқанын байқадық. 

Алпысты алқамдаған апаға жақын барып, пәтер іздеген адам кейпінде “төрт адам тұратын пәтер керек, қаланың ортасында, бағасы аса қымбат болмаса” деп сұраған едік. Ол кісі бірден қойын дәптерін ақтара салып, бізге бірнеше пәтер ұсынды. 

Айтқанымызға сай келетін ұсыныстарға тоқталып, пәтер иелеріне хабарласа бастады. Алматыда қалаған ауданымыздан үй тауып бере алатынын атап өтті.

Бізде қаланың 8 ауданында орналасқан әр түрлі пәтерлер бар. Келушілердің қалатасына сай, жағдайы жақсы ұсыныстарды айтамыз. Алматыға келушілер жылдан жылға артып келеді. Кейде қашқындар мен қылмыскерлердің де пәтер іздеп келетінін көреміз. Ондай кездерде өзіміз үшін де уайымдап қалатынымыз рас. Қалаға ағыла келген жұрттың ішінде шетелдік азаматтар, мигранттар да бар. Олардың кейде құжаттары болмайды. Біз пәтер берушінің де, жалға алушының да құжат бойынша бәрі дұрыс болғанын қалаймыз. Себебі қазіргі уақытта құжаттарын тексеріп алмаса, алаяқтар көп қой. Кей пәтер иелері жалға алушы адамдардың алдын-ала ақшасын алып, үйден шығарып жіберу мүмкін. Ондай кезде құжатқа мықты болып, келісімшарт жасасқандар ұтылмайды. Осында келушілерге де жалға пәтер аларда абай болу керектігін айтамыз. Көбісі үлкен қалаға алғаш келгендер. Сондықтан алаяқтарға алданбаса екен деген уайым болады,- деді маклер Әсем (аты өзгертілген)

Маңайға ақырындап көз салсақ, бұрынғыдай әдемі жазулармен пәтерлердің мекенжайы жазылған қағаздарды көзіміз шалмады. Сөз арасында мұнда тұрған кісіден “жетім бұрыштың” қазіргі жағдайын сұрадық. Ол қазір көзбе-көз пәтер іздеушілердің жоқ екенін, маклерлердің де қатары азайғанын айтып берді.

Қазір дамыған заман, қарағым. Пәтерді бұрынғыдай бізге келіп іздеушілер аз. Телефон арқылы тауып алады. Бізге сол өзіміздің қызметті бұрынан пайдаланған, сенімді көз деп санайтындар келеді. Бұрындары бұл жердің саудасы қызып тұратын, қазір өзің көргендей тыныш,- деді маклер.

Әңгімелесіп тұрғанымызда тағы бір бейтаныс адамның “тіркеуге тұрғыза аласыздар ма, бағасы қанша?” деген сұрағын естіп қалдық. Сұрастыра келе, “жетім бұрышта” пәтерге уақытша немесе тұрақты тіркеуге де мүмкіндік бар екенін, шетелдіктер де осында келіп тіркелетінін білдік. Анықтағанамыздай, 6 айға тіркеуге тұру ақысы - 30 мың, ал тұрақты тіркеуге тұру үшін 40 мың теңге төлеу қажет. Ал шетелдіктерді тіркеу екі жақтың келісіліген бағамен болатын көрінеді.

Маклер қызметі 2-3 бөлмелі үйге 5000-10000 теңгеге дейін, ал үлкен жер үйлер үшін 20000 теңге болады екен. Ал пәтер ақылары әр түрлі. Ұсынылған 1 бөлмелі пәтерлердің ең арзаны 80 мың, ал жағдайы жақсы, қаланың ортасындағы пәтер ақысы 250-300 мыңға барады.

Ал ғаламторға зер салсаңыз, қаланың әр аймағындағы пәтер бағасы әртүрлі. Мәселен, мегаполистің ортасындағы Бостандық, Медеу және Алмалы аудандарында бір бөлмелі пәтерге 200 мың сұраса, екі немесе одан да көп бөлмелі пәтердің құны 600 мыңға дейін бір-ақ жетеді. Ал Алатау Наурызбай, Жетісу және Түрксіб аудандарындағы қуықтай бір бөлмелі жер үйлердің бағасы 150-200 мың теңгенің айналасында.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы