23 Қазан 2026, 13:15 Фото: Ақорда

Жеті жылда жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді

Елімізде жеті жылда жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты. 

«Тағы бір маңызды міндет – білім беру саласын жан-жақты дамыту. Бұл, ең алдымен, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қажет. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша 1483 балабақша ашылды. 1342 заманауи мектеп бой көтерді. Кейінгі жеті жыл ішінде жастардың жоғары білім алуы үшін жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Бұл шаралар жас буынның қалаған кәсіпті меңгеруіне, қабілетін ұштауына мүмкіндік береді», - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміз үшін әлі көп жұмыс істеу қажет екенін, кемшіліктер мен олқылықтарды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы тиіс екенін айтты. 

«Егемен елдің еңсесі – биік» деген сөз бар. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында түрлі салада толайым табысқа жетіп келеміз. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, мемлекеттігімізді күшейте түсу үшін табанды еңбек етуіміз керек. Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім. Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек. Мемлекетіміздің алдында тұрған нақты міндеттер мен жоспарлар жөнінде келесі аптада Қазақстан халқына Жолдауымда толығырақ айтамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады.  Сондай-ақ, болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлт екенімізге тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асқанын жеткізді. 

Сындарлы және жауапты сыртқы саясаттың арқасында еліміздің әлемдік абырой-беделі артып келе жатқанын да атап өтті. 

Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге бөлінгені айтылды.