18 Қараша 2026, 10:41 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жеті жылда экономикаға құйылған $155 млрд: Қазақстан инвестиция тартудан Орталық Азияда көш бастады

Жаңа жобаларға 19 млрд доллар инвестиция тартылды. Шетелдік капиталдың басым бөлігі Қазақстанның қай салаларына бағытталып жатыр?

Соңғы жылдары Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция тарту көлемі жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа, әлемдік жеткізу тізбектерінің өзгеруіне және ірі шикізат жобаларының аяқталуына байланысты құбылып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан Орталық Азиядағы шетелдік инвестиция тарту бойынша жетекші позициясын сақтап келеді. Бұл туралы Ұлттық банктің деректеріне негізделген мәліметте айтылған.

2020 жылы COVID-19 пандемиясынан туындаған жаһандық дағдарыс салдарынан елге инвестиция ағыны айтарлықтай қысқарды. Алайда 2021-2022 жылдары жағдай қайта жақсарып, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі едәуір өсті. Нәтижесінде Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейінгі кезеңдегі ең жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізді.

Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 2022 жылы шарықтау шегіне жетіп, 28,2 млрд долларды құрады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 17,9 млрд долларға дейін төмендеді. Бұған шикізат секторындағы бірқатар ірі инвестициялық жобаның аяқталуы әсер етті. Атап айтқанда, Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасына (БКЖ) инвестиция ағынының шамамен 38 пайызы тиесілі болған.

Теңіздегі Болашақ кеңейту жобасы 2016-2024 жылдары Қазақстанға шетелдік капитал тартуда маңызды рөл атқарды. 2025 жылы «Теңізшевройл» компаниясының құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңін аяқтап, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосуы жобаның инвестициялық кезеңнен өндірістік кезеңге өткенін көрсетеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны қайта өсіп, 20,5 млрд долларға жетті.

Инвестиция ағыны шикізаттық емес салаларға бағытталып келеді

2025 жылы инвестиция көлемінің қайта өсуіне, ең алдымен, шикізаттық емес секторларға капитал салымдарының артуы ықпал етті.

Атап айтқанда:

  • өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 47,4 пайызға немесе 1,4 млрд долларға өсті;
  • қаржы қызметіне тартылған инвестиция 6,6 есе артып, 3,6 млрд долларға жетті;
  • байланыс саласындағы инвестиция көлемі 2,5 есе өсіп, 0,8 млрд долларды құрады.

Бұл ретте өндіруші секторға салынған инвестиция 47 пайызға немесе 3 млрд долларға қысқарған.

Жалпы, инвестиция ағынының құрылымы да өзгеріп келеді. Бұрын шетелдік капитал тартудың негізгі қозғаушы күші мұнай-газ саласы болса, соңғы жылдары инвестициялық белсенділік өзге бағыттарға қарай әртараптанып жатыр.

Мәселен, шикі мұнай мен табиғи газ өндіру саласына тартылған инвестиция көлемі 2022 жылғы 9,6 млрд доллардан 2025 жылы 615,9 млн долларға дейін төмендеген. Бұл ірі кен орындарын кеңейту жобаларының аяқталуымен байланысты.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, көлік, байланыс және қаржы секторына инвестиция тарту қарқыны күшейген. Атап айтқанда, химия өнеркәсібіне салынған инвестиция 2021 жылғы 123 млн доллардан 2025 жылы 1,3 млрд долларға дейін өскен. Қаржы және сақтандыру қызметіндегі тікелей шетелдік инвестиция көлемі 4,1 млрд долларға жеткен.

Қазақстанға инвестиция салатын елдердің қатары кеңейіп келеді

Қазақстанның негізгі инвесторлары қатарында дәстүрлі түрде Нидерланд, Ресей, Қытай, АҚШ, Швейцария және Франция бар. Сонымен бірге соңғы жылдары Таяу Шығыс пен Азия елдерінің инвестициялық белсенділігі айтарлықтай артқан.

Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінен тартылған инвестиция көлемі 2021 жылғы 328 млн доллардан 2025 жылы 1,6 млрд долларға дейін өскен. Катардан келетін инвестиция 1,3 млрд долларға, ал Сингапурдан тартылған капитал 1,4 млрд долларға жеткен.

Сонымен қатар АҚШ-тан келетін инвестиция көлемінің азайғаны байқалады. Бұған мұнай-газ саласындағы ірі жобалардың аяқталуы және шетелдік инвесторлардың капиталының бір бөлігін қайтаруы әсер еткен.

Инвестициялық саясаттың басым бағыттары қандай?

Қазіргі таңда Қазақстанның инвестициялық саясаты шикізаттық модельден қосылған құны жоғары салаларға сапалы инвестиция тартуға бағытталған.

Осы мақсатта көлік-логистика инфрақұрылымы, мұнай-газ химиясы, сирек кездесетін және сирек жер металдары, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және жоғары технологиялық өндіріс басым бағыттар ретінде айқындалған.

Мемлекет арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, цифрлық инвестициялық сервистерді енгізу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін кеңейту және инвесторлардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бағытында шаралар қабылдап жатыр.

Қазақстан жаңа инвестициялық жобалар бойынша да көш бастап тұр

Дамушы елдерге тікелей шетелдік инвестициялар ағыны жаһандық деңгейде қысқарып жатқан жағдайда Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі инвестиция алушы мемлекет мәртебесін сақтап отыр.

Бұл елдің жаңа инвестициялық жобаларға капитал тарту бойынша Солтүстік және Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығынан да көрінеді.

БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан жаңа жобаларға 19 млрд доллар инвестиция тартқан. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 266 пайызға жоғары.

Аталған көлем Солтүстік және Орталық Азиядағы жаңа жобаларға бағытталған барлық өңіраралық тікелей шетелдік инвестицияның шамамен 89 пайызына тең.

Осылайша, Қазақстан инвестиция тартудағы позициясын нығайтып қана қоймай, капитал ағынын шикізат секторынан өңдеу өнеркәсібі, қаржы, химия, цифрлық технологиялар және басқа да перспективалы бағыттарға әртараптандыруға бет алып отыр.