Жеті үміткер ҚКХП атынан сайлауға түсуге дайын отыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан коммунистік халық партиясының» Орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауында партия сапынан үміткерлер қатысатынын мәлімдеді.
«Конституция бойынша 40-тан асқан адамның сайлауға түсуге қақысы бар. «Тек министрлікте ғана жұмыс істеп қаласын ғана білетін немесе шетелде оқып келіп, екі есе академик немесе отырып алған адамдар қажет емес. Ақыл тоқтатқан, тәжірибеден өткен, ой-өрісі кең, халықтың мұң-мұқтажын білетін, жергілікті жерде өскен халықтың арасынан шыққан адам қажет. Бүкіл президенттің ең басты масқаты – халыққа жақсы болу, яғни халықтың игілігіне жұмыс істеу. Халықты рухани байытып қана қоймай, тұрмыс-салтын жақсарту, өмір сүру сапасын көтеру, жұмыспен қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелерін шешу, содан кейін барып саясатқа ауысуға болады. Президенттікке орта буынды адам, білімді, жігерлі күш қуаты мол, саясатпен ғана емес, спортпен, музыкамен айналысатын, барлығын жан-жақты түсінетін, халықпен тіл табысып, сөйлесе алатын, өзінің ойын халыққа жеткізе алатын, қолға алған бағдарламаларын жүзеге асыруда халықты жұмылдыра білетін адам саясаткер қажет», - деп айтты Ахметбеков кулуарда.ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға түсуі мүмкін бе деген журналист сауалына да жауап берді.
«Елбасына шектеу жоқ. Қайта түсем десе халық оны қолдайтыны белгілі. Ол – Тұңғыш президент. Ол еңбегін отыз жыл басқарғанда көрсете алды. Қазіргі кезде Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізде де, шетелде де беделді адам. Ол кісі де халыққа бағдарламасын ұсынатын болса, халық сол бағдарламаны қабылдаса, ол кісі де сайланады деген үміт бар», - деп жауап берді Мәжіліс депутаты.
Ахметбеков сайлауға Қазақстан коммунистік халық партиясынан да үміткерлер қатысуы мүмкін екенін айтты.
«Партиямыз әрқашанда қатысып келді. Қатысады да. Бұл бізге берілген тағыда бір мүмкіндік. Біздің ұсынған үміткеріміз жеңіп те кетуі ықтимыл. Өйткені ең басты мақсатымыз – әлеуметтік саланы жандандыру. Ол халыққа ең қажет мәселе. 26 сәуірде өтетін съезде айқындалады. Бізде қазір алты-жеті адам бар. Барлығы дайын», - деп мәлімдеді партияның орталық комитетінің хатшысы.
Журналистер депутаттан «өзіңізді ұсынасыз ба?» деп сұрады.
«Саясаткер болған соң барлық жағдайға дайынбыз. Съезд шешеді. Партия ішінде өз-өзімізді ұсына алмаймыз. Ұстанымымызда, жарғымызда бекітілмеген. Жергілікті аудандық, қалалық партия комитеттері съезге келіп, ұсыныс жасайды», - деп жауап берді ол.
Ахметбеков 6-7 адамның кім екенін айтпады. Кәсіпкерлер емес, коммунистер ұсынылатынын жеткізді. Сондай-ақ, биылғы сайлаудың ашық әрі күрделі өтетініне сенім білдірді.
«Осы жолғы сайлау өте күрделі өтетін түрі бар. Өте қатты және тартысты өтеді. Өйткені оған кім түсіп, кім қоятыны белгісіз. Партиямыздың ұстанымы бойынша бағыт-бағдарымызды өзгертпейміз. Соны халыққа ұсына алатын керемет үміткер қажет болады. Ол үміткер халықты түсінуі керек. Халықтың тілінде сөйлеуі керек», - деп айтты партияның орталық комитетінің хатшысы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Түркістан облысында жаңа демалыс орны ашылады
Өзгелердің жаңалығы