Жеті халықаралық ұйымнан 72 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова айтып берді.
2020 жылғы 22 қазанда сайлауды халықаралық бақылау институты ашылғалы бері Ортсайлауком 6 халықаралық ұйым мен 18 шет мемлекеттен 276 байқаушыны аккредиттеді. 2020 жылғы 29 желтоқсандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен 7 халықаралық ұйым мен 11 шет мемлекеттен 98 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды. 7 халықаралық ұйымнан 72 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды, - деп атап өтті ол.
Оның ішінде ТМД-дан байқаушылар Миссиясы – 29 байқаушы, ТМД Парламенттік Ассамблеясы – 19 байқаушы, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі – 7 байқаушы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы – 6 байқаушы, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі Шектеулі Миссиясы – 1 байқаушы, ШЫҰ-дан байқаушылар Миссиясы – 1 байқаушы, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы – 9 байқаушы.
11 шет мемлекеттен 26 кандидатура аккредиттеуге ұсынылды. Оның ішінде 5 шет мемлекеттен – 1 байқаушыдан (Мажарстан, Испания Корольдігі, Палестина Мемлекеті, Польша Республикасы, Чех Республикасы), 3 шет мемлекеттен – 2 байқаушыдан (Италия Республикасы, Француз Республикасы, Эстония Республикасы), Украинадан – 4 байқаушы, Германия Федеративтік Республикасы – 5 байқаушы, Бельгия Корольдігі – 6 байқаушы, - деді Щегорцова.
Оның сөзінше, сайлау науқаны басталғалы бері барлығы 9 халықаралық ұйымнан 374 байқаушы аккредиттелді.
Айта кетейік, Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді жүргізу дауыс беру күнінен бес күн бұрын, яғни 2021 жылғы 4 қаңтар күнгі сағат 18.00-де аяқталады.
Ортсайлаукомның осы мәселені қарау қорытындысы бойынша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылданды.