Қордайдағы жанжалдан кейін ұсталған жеті адам сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы горнизонының әскери сотында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы ұлтаралық жанжалдан соң күдікке ілінген 50-ден астам адамның жетеуіне үкім шықты.

Азаттық радиосының хабарлауынша, үкімге сай, Абзал Нұраханов "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) және "ұрлық жасады" (Қылмыстық кодекстің 188-бабы) деген айыппен сегіз жылға сотталды. Судья үкім шығарғанда Нұрахановтың "екінші рет ауыр қылмыс жасағанын" ескерген.

Сот Бақытбек Ибрагимовты "аса ірі көлемде ұрлық жасады" деп жеті жылға соттады. Сот үкім шығарғанда оның "екінші рет ауыр қылмыс жасағанын" ескерген.

Нұраханов жазасын қатаң әрі ерекше тәртіптегі түрмеде, Ибрагимов жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтейді.

Бұдан бөлек, Мырзағали Дүйсенбаев "аса ірі көлемде ұрлық жасады" деген айыппен бес жылға сотталды. "Жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған Рүстем Бежібаев төрт жылға, Ерлан Бұралқынов 3 жыл 20 күнге, Ұлан Атамбаев пен Алмат Тілеуғалиев үш жылға түрмеге қамалды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өтеуі тиіс.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Айыпталушылар үкіммен келіспейді және апелляциялық шағым түсірмек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы