Жетекші қазақстандық университеттерде жасанды интеллект зертханалары құрылды
Ғылым және жоғары білім министрлігі NVIDIA, Google, Astana Hub, EduSystem, Huawei және Coursera сынды жетекші халықаралық компаниялармен белсенді ынтымақтастық орнатуда, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл компаниялармен бірлесіп, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және инновациялық білім беру салаларындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар мен жобалар іске асырылуда. Мысалы, Coursera платформасымен бірлескен жұмыс аясында үш жыл ішінде 197 мың студент оқудан өтіп, 388 мың сертификат алды. Платформада жасанды интеллект бойынша 225 курс қолжетімді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова ОКҚ-дағы баспасөз конференциясында мәлімдеді.
AI-Sana бағдарламасы аясында студенттер 72 406 сертификат алып, олардың цифрлық және жасанды интеллект салаларына жоғары қызығушылық танытатынын көрсетті.
Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау және зерттеулер жүргізу үшін жоғары оқу орындарында инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстанның жетекші университеттері жанынан ғылым мен практиканы ұштастыратын арнайы орталықтар мен зертханалар құрылды. Бүгінде Шығыс Қазақстан техникалық университетінде, Astana IT University-де, Қазақ ұлттық университетінде, Атырау мұнай және газ университетінде, Alikhan Bokeikhan University-де және басқа да жоғары оқу орындарында жасанды интеллект орталықтары табысты жұмыс істеуде, – деді вице-министр.
Сонымен қатар Қазақ ұлттық университетінде, Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде және Astana IT University-де жасанды интеллект бойынша жеке кафедралар ашылды. Бұған қоса, бірнеше ғылыми зертханалар да жұмыс істеп жатыр. 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Назарбаев Университетінің Зияткерлік жүйелер мен жасанды интеллект институты 2024 жылы толыққанды ғылыми-зерттеу институты ретінде қайта құрылды.
Сондай-ақ Қазақ ұлттық университеті, Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Назарбаев Университеті базасында суперкомпьютерлік академиялық кластер қалыптасуда. Алдағы уақытта бұл ресурстарды бірыңғай желіге біріктіріп, еліміздегі барлық жоғары оқу орындарына қолжетімді ету көзделіп отыр. Бұл Қазақстанның академиялық есептеулер мен халықаралық серіктестермен бірлескен зерттеулер бойынша өңірлік көшбасшылар қатарына енуіне мүмкіндік береді.