Жетекші компанияда жұмыс істегіңіз келе ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоғары оқу орнын тәмамдаған кез келген жас еліміздің маңдайалды компаниясында еңбек еткенді қалайды. Ал елімізде осы мүмкіндікті ұсынатын «Жас Өркен» бағдарламасы барын білесіз бе? Бейхабар болсаңыз, біле жүріңіз: бағдарлама әкімшілері 2019-2022 жылдар аралығында университет бітірген жастарды еліміздің 16 қаласында өтетін кездесуге шақырады.

Иә, Нұр-Сұлтан, Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Павлодар, Семей, Өскемен, Петропавл, Қостанай, Рудный, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларында өтетін басқосуда «Жас Өркен» бағдарламасына қатысу тәртібі, 2022 жылғы конкурстық іріктеудің шарты мен кезеңдері туралы ақпарат айтылады.

«Жас Өркен» бағдарламасы жоғары оқу орындарының талантты да болашағынан зор үміт күттіретін түлектерін «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларында даярлау, дамыту үшін әзірленген. Бағдарламаға қатысушы жастар екі жыл бойы Қордың түрлі компанияларында тағылымдамадан өтеді. Бұл түлектердің өзін танытуына және Қазақстанның жетекші компаниялары қызметінің ерекшелігін егжей-тегжейлі білуіне тамаша мүмкіндік береді.

«Жас Өркен» бағдарламасы – компаниядағы жұмыс орнында оқыту ғана емес, белсенді азаматтық ұстанымы бар және ой-өрісі кең жаңа буын басқарушыларын қалыптастыру мен дамыту құралы, Қазақстан Республикасының адам капиталына тартылған инвестиция деуге де болады. Себебі Қор, 10-15 жылдың ауқымында өз компанияларына болашақ топ-менеджерлерді дайындап, бүкіл елден келген жастардың армандаған мансабына қол жеткізуіне жол ашып отыр.


Жобаны жүзеге асырушы «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университетінің директоры Бексұлтан Бекмұратовтың дерегіне сүйенсек, бағдарлама іске қосылған сәттен бастап 8 700-ден астам өтінім түскен. Барлық үміткер қатаң іріктеуден өткізілген. Нәтижесінде, 2017-2019 жылдары бағдарламаны 53 маман аяқтады, барлығы да Қордың портфельдік компанияларына жұмысқа орналасты. Ал бүгінгі уақытта 2020 жылғы іріктеуге қатысушылардың арасындағы 20 жас үшінші ротацияны аяқтады. Олар жобаны 2022 жылы жобаны тәмамдайды.

«Жас Өркен» жобасы жас қазақстандықтардың әлеуетін ашуға, арттыруға мол мүмкіндік береді. Бағдарлама дарынды және креативті мамандар шеше алатын өзекті кәсіби міндеттерді көздейді. Бұл орайда жастар тағылымдама барысында трансформация және цифрландыру бойынша ауқымды жобаларға қатысады. Сондай-ақ компания ішіндегі процестерге әсер етіп, тәсілдерді өзгерте алады және операциялық процестерді оңтайландырады. Өз идеясымен, берік ұстанымымен және белсенділігімен жұмыс істейтін компанияның мәдениетін өзгертеді, – дейді Бекмұратов.

Ең маңыздысы, жасөркеншілер компанияларда тәжірибелі басшылар – жеке тәлімгерлер тарапынан қолдауға ие болады. Әрбір ротациядан кейін олар бір апта бойы қарқынды оқудан өтеді, бұл кезде тәжірибелі мамандар білім, дағды мен құзыреттер шеңберін кеңейтуге көмектеседі. Жалпы «Жас Өркен» жобасының барлық түлегіне Қор тобындағы компаниялардан жұмыс туралы ұсыныс түседі. «Жас Өркен» бағдарламасының қатысушысы Аслан Қаженов «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы тағылымдаманың өте пайдалы болғанын айтады.

Маған «Жас Өркен» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік бергеніне ризамын. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес компаниясы – «KAP Technology» ЖШС-дағы ротациям туралы айтқым келеді. Бірінші күні-ақ алдағы бес ай өте мазмұнды болатыны байқалды. Жұмыс қарқыны таным көкжиегімнің кеңеюіне оң әсер етті. Ротация аяқталғаннан кейін өзімді ой-өрісі ұзарған маман сезіндім – компания жұмысының ерекшеліктерімен таныстым, тәлімгерден жаңа дағдыларды үйрендім, жаңа таныстар таптым, бірегей тәжірибе жинадым, – дейді бағдарлама қатысушысы.

Айта кетейік, «Жас Өркен» бағдарламасы «Самұрық-Қазына» АҚ тобында 2017 жылы басталды. Содан бері бағдарламаға 80-нен астам портфельдік компания және 200-ден астам тәлімгер атсалысты. 2020 жылы қатысуға 3000-нан астам қазақстандық өтінім берді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы