Жергілікті әкімдер праймеризге өз кандидаттарын өткізуге күш салмауы керек – саясаттанушы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 17 тамызда «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеуі басталды. Бүгінгі күнге дейін оған қатысуға 7670 азамат өтініш берген. Партияішілік іріктеу қалай өтіп жатқаны туралы доданың бақылаушысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаевпен әңгімелескен едік.
- Праймериздің көздеген мақсаты қандай?
- Праймериздің мақсаты - еліміздегі білікті, талантты, елге қызмет етемін деген азаматтарды саяси бәсеке негізінде жергілікті мәслихаттар мен Мәжіліске тарту, ел билігіне араласуына жол ашу.
- Саяси дода ел жастарына қандай мүмкіндік береді?
- Бүгінгі таңда елімізде 216 әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар бар. Ондағы жастардың үлесі - 2%. Ал республика бойынша халықтың үлесінде жастар 25%-ды құрайды. Сонда біздің мәслихаттарда кімдер отыр?... Маңызды сұрақ.
Еліміз тәуелсіздік алған 30 жылда мемлекетімізде жастардың жаңа буыны қалыптасып үлгерді. Праймериз арқылы билік партиясы жастарға 20%, әйелдерге 30% квота бөліп отыр. Бұл әртүрлі деңгейдегі 216 мәслихат депутаттары мен Мәжілісті жаңартуға септігін тигізеді деген үміттеміз. Жастар депутат болу арқылы жергілікті жерлердегі, қалалар мен республикадағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысуға мүмкіндік алады. Қала, аудан мен облыс әкімдерінің бюджетін де мәслихат депутаттары бекітетінін ұмытпауымыз керек. Қолдана білсе, бұл үлкен ықпал ету тетігі.
-Құжат тапсырған жастар бір салаға ерекше ден қойып отыр. Қандай салаға басымдық берілмек?
- Әр кандидат өзі түсетін ауыл, аудан, қала мен облыстағы өзекті мәселелелерді көтереді. Республиканың әр өңірінде мәселелер әртүрлі болуы мүмкін. Қазір кандидаттар праймеризге қатысу үшін құжат тапсырып жатыр. Тіркелу рәсімі 28 тамызда аяқталады. 7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында кандидаттар ел аралап, өзі түсетін аумақ бойынша халыққа үгіт-насихат жұмыстарын бастайды. Қоғамнан қаралуы тиіс сұрақтарды жинақтайды. Өз бағдарламаларын жариялап, үгіт-насихат жұмыстарымен елдің алдына шығады. Өзара дебатқа түсіп, бәсекелестерімен саяси додада кім мықты екенін анықтайды. Сол кезде толық картинаны ала аламыз. Мысал ретінде өзім танитын Астана қаласы мәслихатына барамын деген 2-3 кандидат қаланың қауіпсіздігі үшін әр үйде бақылау камераларын орнату, тазалық, қала аймағына кіретін шалғай жатқан ауылдарға жол салу секілді мәселелерді көтеремін деген ұстанымын білдіріп отыр.
- Бақылаушы ретінде айтсаңыз, жастардың билікке ұмтылысы қандай?
- 24 тамыз 2020 жылғы соңғы дерек бойынша праймеризге тіркелуге өтініш білдіргендер саны 7670 азаматты құрады. Оның ішінде 24,1% 35 жасқа дейінгі жастар болса, 34% әйел азаматтар. Сонымен қатар партияның бастауыш ұйымдары ұсынған кандидаттар саны 2631 (34,3%) құраса, өзін-өзі ұсынғандар саны 5039 (65,7%) құрайды. Әзірге, республика бойынша жастардың белсенділігі жоғары. 28 тамызға дейін тіркелуге уақыт бар. Процесті бақылайтын боламыз.
- Праймериздің ашық әрі әділ өтуіне кепілдік бар ма?
- «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мырза партия жақтастарының лигасымен кездесуінде праймеризді барынша ашық және әділ өткізуді мақсат тұтатынын атап өтті. Жалпы партия басшылығы тарапынан саяси доданы әділ өткізуге деген ұмтылыс бар. Ендігі мәселе республика бойынша жергілікті жерлердегі бақылаушылар мен кандидаттарға көп нәрсе байланысты. Праймеризге қатысушы әр кандидат өзінің сенімді өкілін яғни бақылаушысын ұсына алады. Одан бөлек партия жақтастарының лигасы атынан өзіміз де республика бойынша бақылаушылар тізімін жасақтап, барынша тырысып-ақ жатырмыз. Атап өтетін мәселе, жергілікті жердегі әкімдер праймеризге араласып, өз кандидаттарын өткізуге күш салмауы тиіс. Мұндай жағдай орын алып жатса, бақылаушылар мен праймеризге қатысушы кандидаттар БАҚ немесе әлеуметтік желілер арқылы заң бұзушылықтың болғанын бүкіл республикаға ашық айтуы керек. Егер заң бұзу фактісі шынымен тіркелгені анықталса, партия басшылығы «ондай қадамға барған әкімдер мен шенеуніктерді партиядан шығару мәселесін көтеретін боламыз» деген позицияны ұстанып отыр. Әділ өтуіне халықтың белсенділігі де көп ықпал етеді. Елімізде алғаш рет өтіп отырған праймериз әділ өтеді деп сенгіміз келеді әрі процесті ішінен көріп, нақты қалай өткеніне бағасын беру үшін де бақылаушы боламыз.
- Праймеризге сенбейтін адамдар да бар деп жазыпсыз. Олар туралы не айта аласыз?
- Соңғы сайлаудан кейін елемізде сенім мәселесі күрт төмендегені рас. Сондықтан «праймеризге сенбеймін» деген азаматтардың болуы да заңдылық. Жалпы қоғамда әртүрлі көзқарастардың болуы қалыпты жағдай. Солай болуы да қажет. Бұл жұмыс істеп тұрған азаматтық қоғамның көрінісі. Сенбейтін азаматтар да праймеризге балама ретінде жаңа бір тетіктер ұсынып шықса, жақсы болар еді. Бұл елдегі саяси бәсекені қыздырады. Ал бәсеке - дамудың негізгі қозғаушы күші. Әлі уақыт бар. Бірақ көп емес. Мүмкін, олар да алдағы уақытта праймеризге балама ретінде тың идеяларын іске асырып қалар. Күтейік…