Жергілікті өзін-өзі басқаруда қандай өзгеріс болады? Маман жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҰЭМ Өңірлерді талдау және өзін-өзі басқару департаменті директорының орынбасары Мейіржан Иманбаев 2025 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы туралы айтып берді.

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы аясында берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген еді.

Өңірлерді талдау және өзін-өзі басқару департаменті директорының орынбасары Мейіржан Иманбаевтың айтуынша, Тұжырымдама жобасы осыған дейінгі жылдарда іске асырылған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі реформалардың қисынды жалғасы.

Тұжырымдамамен ұсынылатын шаралар ел өңірлерінің экономикалық және әлеуметтік дамуының стратегиялық міндеттеріне сәйкес келеді, сондай-ақ тұрғындар мен тұтастай мемлекеттің мүдделеріне жауап береді. Жоба аясында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге және тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер қалыптастырылды, - деді Иманбаев.

Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделі бес түйінді қағидат негізінде қалыптастырылатын болады.

Азаматтық белсенділікті ынталандыру мақсатында жергілікті маңызы бар неғұрлым маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға тұрғындардың тікелей қатысуы көзделеді. Атап айтқанда, бұл елді мекендердің мәртебесін, атауын және шекарасын өзгерту, жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін айқындау мәселелері. Ауылдық өкілді орган – «Кеңес» құрылады. Кеңеске жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспары мен бюджетті бекіту және оның орындалуын бақылау, ауылдық деңгейде салық мөлшерлемелерінің мөлшерін реттеу, сондай-ақ ауылдарды абаттандыру мәселелері бойынша өкілеттіктер берілетін болады, - деді ол.

Иманбаевтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында ауылдық округ әкімдері аппараттары қайта ұйымдастырылады.

Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлеріне қойылатын талаптар орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қойылатын талаптарға ұқсас. Бұдан басқа, әкімді қоса алғанда, 3-5 адамнан тұратын аппараттардың штат санының белгіленген лимиттері тұрғындармен тиісті деңгейде жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты, халықаралық практиканы ескере отырып, пилоттық жоба шеңберінде басқарудың жаңа ұйымдық-құқықтық нысаны – «жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі» енгізіледі, - деді ол.

Мейіржан Иманбаев атап өткендей, 2022 жылдан бастап ауыл деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрін беру көзделген: бірыңғай жер салығы; жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, оларды сатудан түсетін түсімдер және оларды жалдау құқығын сатқаны үшін төлем.

2023 жылы тағы да бірқатар салықтар мен төлемдерді беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыс, аудан және ауыл арасында бөлу көзделетін болады. Бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру, есептер санын қысқарту, бизнес-процестерді оңтайландыру және салық салынатын базаны кеңейтуді ынталандыру тетігін енгізу жолымен бюджеттің төртінші деңгейін қалыптастыру және атқару тәртібін едәуір оңайлату жоспарланып отыр, - деді ол.

Өңірлерді талдау және өзін-өзі басқару департаменті директорының орынбасары атап өткендей, фискалдық орталықсыздандыру бойынша шаралар қабылдау нәтижесінде 2025 жылы ауылдық округтер бюджетінің өзін-өзі қамтамасыз етуінің 35% -ке дейін өсуі күтіліп отыр.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықтың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланысты арттыру шаралары қарастырылған. Мәселен, азаматтар мен мәслихат депутаттарына жергілікті маңызы бар мәселелер және жалпы өңірді дамыту бойынша петиция жасау құқығын беру ұсынылады, - деді ол.

Сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру жөніндегі шаралар көзделеді.

Осылайша, қалыптасып келе жатқан трендтерді ескере отырып, жекелеген ірі ауылдардың (халқы 10 мың адамнан астам) және шағын қалалардың (халқы 10 мың адамнан кем) мәртебесін қайта қарау мәселесі өзекті болып отыр.Осыған байланысты, аудандық және ауылдық деңгейлерде әкімшілік бөлудің жаңа стандарттары әзірленеді. Қалыптастырылған стандарттардың негізінде экономикалық, әлеуметтік және демографиялық ерекшеліктерді ескере отырып, елді мекендерді біріктіру және ірілендіру, қайта бағындыру және олардың мәртебесін өзгерту жөнінде кешенді жұмыс жүргізілетін болады. Елді мекендердің шекаралары мен мәртебесіне қатысты барлық өзгеріс міндетті түрде жергілікті қоғамдастықпен келісілетін болады, - деді Иманбаев.

Айтылғандай, бұл шараларды сапалы іске асыру 2025 жылға қарай уақыт сын-қатерлеріне жауап беретін және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес азаматтарымыздың мүдделерін толыққанды іске асыруға бағытталған жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы