Жергілікті өнім үлесін арттыру – аса маңызды міндет

Тарихшы, Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры Досалы Салқынбек Президенттің халыққа арнаған Жолдауына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы ел экономикасындағы мұнай-газ, көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару салалары бойынша шикізаттық бағыттан өңдеуші, өңделген өнім шығарушы елге айналу басымдықтарына тоқталды. 

Республикамыз шикізат көзіне бай болумен қатар, агроөнеркәсіп өндірісінде алатын қуаты да қомақты. Аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын елімізде агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамыта білсек, әлемде ауыл шаруашылығы дамыған ел ретінде жүз миллионнан астам халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Осы орайда, Мемлекет басшысы алдағы «үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу» міндетін алдымызға қойып отыр. Әрине, ол үшін табиғат жағдайының қолайлылығына, жердің құнарлығына ғана қарап отырмай, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды, инновациялық озық әдіс-тәсілдерді және ғылым күшін пайдалана отырып, жету мүмкіндіктеріне баса назар аудару қажеттелігін атап өтті, – дейді тарихшы. 

Қазақстанның экологиялық жағдайы – қоғам назарын аударып отырған басты мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы елдегі экология саласына басты назар аударған еді. 

Елімізде қордаланған мәселелер жеткілікті. Соның бірі деп айтсақ болады, ол – еліміздің экологиялық жағдайы. Отандық және шетелдік өнім өндіруші кәсіпорындардың басым бөлігі шикізат көзін игерумен айналысады. Сондай-ақ олардың табиғат байлықтарын «жыртқыш» секілді қоршаған ортаға аса зор зиянын тигізіп өндіруі табиғатқа да, сол аймақты мекендеуші халқымыздың денсаулығына да үлкен зиянын тигізіп отырғанын орынды көрсеткен Мемлекет басшысы «ірі өндіріс кәсіпорындарына 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасау керек» деп міндеттеді. Бұл экологиялық талаптарды сақтамай, білгенін жасап жатқан өндіріс орындарының алдына қойылған өте орынды талап деп есептейміз, – дейді Досалы Салқынбек. 

Тарихшының пікірінше, Президенттің әскери техника саласын дамытуға тоқталуы да аса маңызды. 

Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында Қарулы Күштеріміздің айрықша орын алатыны белгілі. Осы уақытқа дейін еліміздің әскери техника саласының тоқсан пайызға жуығы Ресей әскери техникаларымен жабдықталып келгені тағы да белгілі жағдай. Қазіргі таңда әлем назарын аударып отырған Ресей мен Украина арасындағы соғыста Ресейдің әскери техникасының әлеуеті байқалып қалды. «Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс – өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Осы орайда, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет. Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуы тиіс» деп атап көрсетіп, әскери қарулы күштерімізді түбегейлі реформалау, әлемнің озық елдерінде бар заманауи қару-жарақтармен қамтамасыз ету кезек күттірмей атқарылуға тиіс шаралар екендігіне айрықша тоқталды, – деді Досалы Салқынбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Досалы Салқынбек мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы