Жерді жалға беру туралы заң Сенаттан қолдау тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында жер қатынастарын дамыту мәселелері туралы заң жобасы екінші оқылымда қабылданды.
Аталған заңға сәйкес, қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейін жалға алуға рұқсат етіледі.
Бұған дейін 2021 жылы 13 мамырда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға беруге және сатуға толық тыйым салуды көздейтін тиісті Заң қабылданды.
Қазақстандықтарға қатысты мораторий нормалары бойынша, сондай-ақ жер заңнамасын жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Жер реформасы бойынша комиссия құруды тапсырды. Барлығы Жер комиссиясының құрамына 80 адам кірді, олардың 75%-ы азаматтық қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар болды, - деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
2021 жылғы 25 наурызда жұмысқа кірісіп, 24 сәуірде жұмысын аяқтады. Комиссияның 5 отырысы өткізіліп, онда 120-дан астам ұсыныс көтеріліп, жер заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар жүйелі ұсыным әзірленді.
Заң жобасындағы негізгі толықтырулар мен өзгерістер:
• Қазақстандықтар үшін және шетелдіктер қатыспайтын Қазақстанның заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтау;
• Қазақстан азаматтарының және шетелдіктер қатыспайтын қазақстандық заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын иеліктен шығару мүмкіндігі (жалға алу құқығын иеліктен шығаруға рұқсат ол берілген кезден бастап бес жыл өткеннен кейін ғана қолжетімді болады және мемлекеттен жалға алу құқығын сатып алу талап етілмейді);
• ауыл шаруашылығы жерлерін қосалқы жалға беруге тыйым салу;
• жергілікті атқарушы органдардан тиісті функцияларды ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне қайтару арқылы жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды күшейту;
• конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің шекті мөлшерін белгілеу;
• ауылдық жерде кемінде 5 жыл тұратын адамдарға ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі конкурсқа қатысқан кезде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беру;
• жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын ұстап-бағуға арналған жайылымдық алқаптарының шекараларын айқындау.
Жер заңнамасына талқыланған түзетулерді қабылдау агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамытудың бір негізі болып отыр. Өйткені жер мәселелері - ауыл шаруашылығы экономикасын дамытудың негізгі факторлары, - деді Сапархан Омаров.