Жерді қашықтықтан зондтау мәселесі талқыланды
Сенаторлар Республикалық ғарыштық байланыс орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Ақмола облысындағы Ақкөл қаласында көшпелі отырыс өткізіп, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ ұжымымен кездесті.
Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge» технологиялық форумында сөйлеген сөзінде 2025 жылға дейін еліміздің барлық облыс орталықтарын жаңа буынды ұялы байланыспен қамту жөніндегі жұмысты мерзімінен бұрын аяқтау міндетін Үкімет алдына қойғанын атап өтті.
Еліміздің Президенті аудан мен ауыл тұрғындарының интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Осы мақсатқа жету үшін төмен орбитадағы жер серігі жүйелерінің мүмкіндіктерін пайдалануға баса назар аударылып отыр. Сонымен қатар қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтеретін боламыз. Мемлекеттік және корпоративтік қажеттіліктерге орай жоғары талаптарды орындауда ақпаратты берудің сенімді тәсілі болып қалатын геостационарлық жер серіктерінің маңыздылығын атап өткен жөн, - деп атап өтті Андрей Лукин.
«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев өз сөзінде ғарыштық байланыс саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Мәселен, ол бүгінгі таңда Қазақстанда «KazSat» сериялы өзінің ғарыштық байланыс жүйесі жұмыс істеп тұрғанын, оның құрамында екі жер серігі мен ғарыш аппараттарын басқарудың екі жер үсті кешені – «Ақкөл» және «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығы бар екенін жеткізді.
Қатысушылар шара барысында цифрлық теңсіздікті еңсеру, цифрлық қызметтерді экспорттау, қолданыстағы спутниктерді пайдалану, жерді қашықтықтан зондтау және басқа да мәселелерді талқылады.
Сенатор Андрей Лукин көшпелі отырысты қорытындылай келіп, айтылған ұсыныстар ескеретінін және саланы жетілдіру жөніндегі депутаттық корпустың ұсынымдары тиісті мемлекеттік органдар мен Үкіметке жіберілетінін атап өтті. Парламентшілер де қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге жәрдемдесуге дайын.