Жерді 25 жылға жалға берудің қажеті жоқ – Ақылбек Күрішбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға орман өсіру үшін 25 жылға дейінгі мерзімге босалқы жерлерді жалға беру мәселесіне қатысты Ақылбек Күрішбаев жеке пікірін білдірді.
Мемлекет басшысының бастамашылық етуімен «Жер қатынастары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, ҚР азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік үлесі бар ҚР заңды тұлғаларына, сондай-ақ, қандастарға беруге толық тыйым салуды енгізді, – деді Сенат депутаты.
Сонымен бірге, заң жобасын Мәжілісте қарау барысында кейбір депутаттардан шетелдіктер мен ҚР азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейінгі мерзімге жалға алу құқығымен орман өсіру үшін жер учаскелерін беру жөніндегі нормаға түзету енгізу ұсынылды.
Біріншіден, соңғы жылдардағы ақпараттарға сүйенсек, бізде шетелдіктер тарапынан орман өсіру үшін жер алқаптарын алуға қызығушылық жоқ және өз бастамасымен ағаш отырғызумен айналысатын бірде-бір шетелдік компания тіркелмеген. Екіншіден, қазіргі уақытта орман өсіруге шетелдік инвестицияларды тарту жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес «ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерді орындауы» аясында жүзеге асырылады. Сондықтан жоғарыда аталған норманы енгізуді шетелдік инвесторлардың жерді қалпына келтіруімен, орман қорғау белдеулерін және өтемдік орман отырғызуды ұйымдастыру қажеттілігімен негіздеуге болмайды. Үшіншіден, орман өсіру бизнес емес (ол орманды пайдалану емес), бұл – қайырымдылықтың бір түрі. Сондықтан орман өсіру үшін, жерді міндетті түрде жалға берудің қажеті жоқ. Мысалы, жоғарыда аталған жер қойнауын пайдаланушылар жер учаскелерін жалға алмай-ақ, ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізе алады. Ал жаңа отырғызылған ағаштарды күту жұмыстары Орман Кодексінде көрсетілгендей, отырғызылған уақыттан кейін 3 жыл ішінде ғана жүргізіледі. Әрі қарай орман табиғи түрде өсе береді және оған 25 жыл бойы үнемі күтім жасау қажет емес. Төртіншіден, мемлекетіміздің қолданыстағы заңнамасында орман өсіру жұмыстарын жүргізу үшін, жер учаскелерін жалға алу қажеттігі көзделмеген, – деді Күрішбаев.
Осылайша, шетелдіктерге, ҚР азаматтығы жоқ адамдарға орман өсіру үшін 25 жылға дейінгі мерзіммен босалқы жерлерден жер участкелерін беру туралы бұл норманы қабылдаудың қажеттілігі жоқ деп санаймын.
Егер шетелдіктер біздің елімізде орман өсірумен айналысқысы келсе, олар мұны жерді жалға алмай-ақ, шарттық қатынастар аясында жүзеге асыра алады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елордада «Ғасырлар пернесі» атты концерт өтті
Өзгелердің жаңалығы