15 Ақпан 2026, 19:10 Фото: pixabay.com

Жерде кезекті магниттік дауыл басталды – ғалымдар

Жер бетінде ақпан айында магниттік дауыл екінші рет тіркеліп отыр.

Ресейлік ғалымдар 2026 жылғы 15 ақпанда Жерде кезекті магниттік дауыл басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Планетада түнгі уақытта ақпан айындағы екінші магниттік дауыл тіркелді. Қазіргі таңда ол әлсіз бен орташа деңгейдің аралығында болып тұр. Ғалымдардың мәліметінше, құбылыстың ең жоғарғы шарықтау шегі Астана уақытымен шамамен таңғы 07:00-де байқалып, 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша G1.3 деңгейіне жеткен.

Астрономдардың айтуынша, осы айдағы алғашқы әлсіз магниттік дауыл 5 ақпанда тіркелген. Содан бері 10 күн үзіліс болған. Жалпы, 2026 жылдың ақпаны өткен аймен салыстырғанда біршама тыныш өтіп жатыр. Дегенмен, бұған дейін рекорд орнатқан қаңтар айында магниттік белсенділіктің негізгі бөлігі айдың екінші жартысында байқалған еді.

Түнде басталған бұл геомагниттік тұрақсыздық кезеңі екі тәулікке дейін созылуы мүмкін. Алайда әсері біркелкі болмайды: қысқа мерзімді күшейген сәттер мен әлсіз кезеңдер алма-кезек ауысып отырады. Мамандардың болжамынша, дауылдың G2 деңгейінен жоғары көтерілу ықтималдығы төмен.