Бүгiн 2026, 14:50
Фото: pixabay.com
Жерде кезекті магниттік дауыл басталды
Алдағы күндері геомагниттік тұрақсыздық сақталып, қысқа мерзімді күшеюі мүмкін.
Жер бетінде G1 деңгейіндегі магниттік дауыл тіркелді. Белсенді кезеңі бірнеше күнге созылады, ал жалпы геомагниттік тұрақсыздық бір аптаға дейін жалғасуы мүмкін. Кей тұста қысқа уақытқа G2 деңгейіне дейін күшеюі ықтимал, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жерде ең төменгі G1 деңгейіндегі магниттік дауыл басталды. Геомагниттік жағдайдың тұрақсыздығы бір аптаға дейін созылуы мүмкін. Ең белсенді кезеңі алдағы 1–2 күнде болады және демалыс күндеріне тұспа-тұс келеді. Осы аралықта қысқа мерзімді күшею G2 деңгейіне дейін жетуі мүмкін, алайда одан жоғары дауылдар күтілмейді, - деп мәлімдеді Ресейдің Күн астрономиясы зертханасы.
Кешкі уақытта ауа райы ашық болса, солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде полярлық шұғыла байқалуы мүмкін. Бұл құбылыс геомагниттік белсенділік деңгейіне байланысты болады.
Бұл – сәуір айындағы екінші магниттік дауыл. Біріншісі ай басында болған және әлдеқайда күшті болған – шамамен G3 деңгейіне дейін жеткен.
Жалпы алғанда, биылғы жыл соңғы уақыттағы геомагниттік құбылыстар саны бойынша ең белсенді кезеңдердің бірі болып отыр, - дейді ғалымдар.