Жер үшін қоғамда ауқымды наразылық тууы тегін емес - Еркін Әбіл
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Елбасы аманаты: елдіктің жеті тұғыры» - атты дөңгелек үстел барысында Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл мәлім етті.
Оның айтуынша, Елбасы мемлекеттігіміздің басты тірегінің бірі ретінде ата-бабамыздың баға жетпес мұрасы, халқымыздың асыл мұрасы – жер екенін мәлімдеген.
Біз кейде жерді өндіріс құралы немесе құқықтық қатынастардың объектісі ғана деп қарастырамыз. Олай емес. жер - құрған мемлекеттің, халықтың материалдық бейнесі, киелі нысан. Халықаралық қатынастар ішінде территориялық даулардың ең қиыны және ең ауыры болуы, қоғамда ауқымды наразылық тудыруы да тегін емес, - деп атап өтті өз сөзінде Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл.
Тарихшының сөзінше, Абайдың және оның шәкірттері мен ізбасарларының іс-әрекетінен туындаған қоғамдық сананың жаңаруы мұндай құбылысты ұлттық деңгейде жаңаша түсінуге жол ашты.
Бұл тұжырымдаманы теориялық және практикалық тұрғыдан негіздеуді Алаш идеяларымен біріктірілген жас қазақ зиялылары қолға алды. Бұл ұғым 1917 жылғы желтоқсандағы жалпы қазақ съезінің шешімдерінде өзінің заңды көрінісін тапты. Дәл сол кезде Алаш республикасының территориясы, оның ішінде Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Самарқанд, Ферғана және Закаспий облыстарының қазақ округтері, Әмудария жерлері, Алтай губерниясының қазақ болыстары біріктірілді, - деді Еркін Әбіл.
Профессор өз мәлімдемесінде келесідей тарихи оқиғалардың мәнін түсіндірді.
Дәл осы түсінік Кеңестік Қазақстанның Алаш автономиясы жойылғаннан кейінгі солтүстік шекарасының негізін қалады. 1920 жылы тамызда Қазреввоенсоветтің арнайы комиссиясының отырысында қазақ шекарасының орны туралы келісім дайындалды. Бұл келісім 1920 жылы 26 тамызда Ленин мен Калинин қол қойған «Қазақ Автономиялық Республикасын құру туралы» декретке негіз болды. Соған қарамастан, кеңестік кезеңде партиялық элита ұлттық республикалардың, оның ішінде Қазақстанның бұрынғы шекараларын үнемі қайта қарауға тырысты. Ол таза коммерциялық мүдделердің жетегінде болды, конституциялық нормаларда белгіленген ұлттық егемендікке мән бермеді. Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәшенев, Шахмардан Есенов сынды халық ұлдарының қазақ жері үшін жанқиярлық күресі ғана Қазақстанның өз жерін сақтап қалуына мүмкіндік берді, -деді ол.
Оның айтуынша, тәуелсіздік алған кезде ғана Қазақстан шекарасын құқықтық тұрғыдан бекітуге біржола нүкте қоюға мүмкіндік туған.
Шешілмеген аумақтық мәселелер жас мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін, бұл Нұрсұлтан Назарбаевты Орталық Азиядағы көршілерімен де, Ресей мен Қытай сияқты ірі аймақтық ойыншылармен де шекара мәселелері бойынша өзара қолайлы ымыраға келуге итермеледі. Шешілмеген аумақтық проблемалары жоқ елдің келешек ұрпағына мұра қалдыру үшін Елбасы өзінің бар дипломатиялық қабілетін жұмсады. ХХІ ғасырдың басындағы Тұңғыш Президенттің саяси көрегендігінің арқасында Қазақстан мемлекеттік шекараларды делимитациялау мәселесін күн тәртібінен алып тастады, -деді Мемлекет тарихы институтының директоры.