Жер тұтастығы жайлы архивтің бір бөлігі Кенесарының қылышына айырбастала жаздады – архив өкілі
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық мемлекттік архив директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойына орай өткен жиында айтты.
Оның айтуынша, 1921 жылғы 1 қыркүйекте Орынбор қаласында орталық мемлекеттік бірінші архив құрылған. Ол кезде Орынбор қазақ елінің астанасы ретінде саналған. Кейін көптеген құжаттар астана болған басқа қалаларға көшіріліп отырыпты.
Ол құжаттарды алып келу үшін сыртта жүрген қазақ азматтары көп тер төкті. Сәкен Сейфеллиннің айтуынша, қазақ даласында революцияға дейін де барлық облыстық деңгейде архивтер болған. Оның үстіне бізде Омбы қаласындағы Степной генерал-губернаторство деген үлкен қор бар. Осы күнге дейін Орыс мемлекеті осы қорды алу жөнінде талпыныс жасап келді. Алдыңғы жылдары үлкен бір қателік жасалып кете жаздады. Әрине, оны біз архивистер дер кезінде ұстап қалдық. Біздің министрлік тарапынан Кенесары ханның қылышына сол бір қорды айырбастау жөнінде мәселе көтерілді. Біз әбден жаманатты болып, сол қорды алып қалдық. Ол қордың маңыздылығын ешкім бағамдап жатқан жоқ. Егер ол кетсе біздің бүкіл солтүстігіміз кетеді, еліміздің жері түгелдей кетуі мүмкін,-деді М. Жылысбаева.
Сондай-ақ ол қазіргі тарихшылар алашордашылар мен Совет үкіметі құрамында қызмет еткен ұлт зиялыларын бөліп-жарып қарайтынына қынжылатынын айтты.
Ол дұрыс емес, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Сәкен Сейфуллин болсын барлығы қазаққа қызмет ектен азаматтар. Оларға қатысты деректер 100 жыл толайын деп отырған біздің орталық мемлекеттік архивте сақтаулы,-дейді ол.
Айта кетсек, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл жиын Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында өтті.