16 Қыркүйек 2026, 17:50 Фото: АШМ баспасөз қызметі

Жер телімі бос жатса, мемлекет оны қай кезде алып қоя алады? – заңгер жауабы

Жеке тұрғын үй салу немесе саяжай ретінде пайдалану үшін берілген жер телімін ұзақ уақыт игермеген азаматтарға айыппұл салынып, учаскені мәжбүрлеп алып қою мәселесі туындауы мүмкін. Алайда мемлекет жерді бірден қайтарып ала алмайды. Заңда меншік иесіне ескерту жасау, қосымша мерзім беру және сотқа жүгіну тәртібі қарастырылған. Бұл туралы заңгер Айдар Советбеков BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

Үш жылдық мерзім қашан басталады?

ҚР Жер кодексінің 92-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер учаскесі үш жыл ішінде мақсатына сай пайдаланылуға тиіс. Яғни осы уақыт аралығында тұрғын үй құрылысы басталуы қажет.

Дегенмен заңгер үш жылдық мерзім жер телімі берілген күннен бастап автоматты түрде есептеле бермейтінін айтады.

Бұл жерде азаматтардың құқығын қорғайтын маңызды талап бар. Үш жылдық мерзім жер учаскесіне қажетті инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде су және электр желілері жеткізілген кезден бастап есептеледі. Егер мемлекет учаскеге инфрақұрылым тартпаса, аталған мерзімді есептеу мәселесі туындамайды, – деді Айдар Советбеков.

Сондықтан меншік иесіне жерді пайдаланбағаны туралы нұсқама берілген жағдайда, алдымен учаскеге мемлекеттік инженерлік желілердің жеткізілген-жеткізілмегені анықталуға тиіс.

Қоршау орнату жерді игеру болып санала ма?

Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімінің нысаналы мақсаты – тұрғын үй салу. Заңгердің түсіндіруінше, учаскені қоршап қою, құдық қазу немесе оған контейнер орналастыру жерді мақсатына сай игеру ретінде қабылданбайды.

ЖТҚ үшін берілген жерге міндетті түрде тұрғын үй құрылысы басталуы керек. Ал іргетас құю құрылыстың басталғанын көрсетуі мүмкін. Бірақ оның өзі заң талаптарына сәйкес жүргізілуге тиіс. Азаматта бекітілген эскиздік жоба, сәулет-жоспарлау құжаттары және құрылыс жұмыстарын бастауға қажетті өзге де құжаттар болуы қажет. Ешқандай құжатсыз құйылған іргетас заңсыз құрылыс ретінде бағалануы мүмкін, – деді заңгер.

Демек, жерге құрылыс материалдарын әкелу немесе формалды түрде қоршау тұрғызу жеткіліксіз. Меншік иесі учаскені оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалана бастағанын құжаттармен дәлелдей алуы керек.

Саяжай мен ЖТҚ жерінің айырмашылығы қандай?

Азаматтар жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаске мен саяжай жеріне қойылатын талаптарды жиі шатастырады. Олардың нысаналы мақсаты әртүрлі болғандықтан, игеру талаптары да бірдей емес.

ЖТҚ жері тұрғын үй салу үшін беріледі. Сондықтан мұндай учаскеде бақша егіп немесе жеміс ағаштарын отырғызып қою жерді толыққанды мақсатты пайдалану ретінде есептелмеуі мүмкін.

Ал саяжай жерінің негізгі мақсаты – бау-бақша өсіру және саяжай шаруашылығын жүргізу. Мұндай учаскеге шағын үй салу меншік иесінің міндеті емес, құқығы саналады.

 Егер азамат саяжай жеріне ағаш егіп, бақша өсіріп, оны күтіп ұстаса, учаске нысаналы мақсатына сай пайдаланылып жатыр деп есептеледі. Ал ЖТҚ жерінде тек картоп немесе жеміс ағаштарын өсіру жеткіліксіз. Өйткені оның негізгі мақсаты – тұрғын үй салу, – деп түсіндірді Айдар Советбеков.

Мемлекет жерді бірден алып қоя ала ма?

Жерді мәжбүрлеп алып қою рәсімі бірнеше кезеңнен тұрады. Мемлекеттік орган учаскенің бос жатқанын анықтаған бойда оны бірден қайтарып ала алмайды.

Алдымен жер инспекциясы бақылау жүргізіп, учаскенің мақсатына сай пайдаланылмай отырғанын анықтайды. Содан кейін меншік иесіне заң бұзушылықты жою туралы нұсқама беріледі.

Жер кодексінің 94-бабына сәйкес, меншік иесіне заң бұзушылықты жою және жерді игеруді бастау үшін бір жыл мерзім берілуге тиіс. Уәкілетті орган осы мерзім аяқталғаннан кейін ғана, егер талап орындалмаса, жерді мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа жүгіне алады. Сот шешімінсіз жерді тартып алу мүмкін емес, – деді заңгер.

Осылайша, жерді алып қою үшін учаскенің пайдаланылмай отырғаны анықталып, меншік иесіне ресми нұсқама табысталуы және заң бұзушылықты жоюға берілген мерзім өтуі керек.

Спутниктік сурет дәлел бола ала ма?

Қазір пайдаланылмай жатқан жер телімдерін спутниктік суреттер, кадастрлық мәліметтер және цифрлық платформалар арқылы анықтауға болады. Мұндай деректер жер инспекциясының бақылау жүргізуіне негіз бола алады.

Айдар Советбековтің айтуынша, ғарыштық мониторинг арқылы учаскеде құрылыс нысанының бар-жоғын және жердің игерілу жағдайын қашықтан анықтауға мүмкіндік бар.

Спутниктік суреттер мен цифрлық кадастр деректері учаскенің бос жатқанын көрсетсе, бұл ақпарат бақылау шараларын бастауға негіз болуы мүмкін. Алайда цифрлық дерек жерді автоматты түрде алып қоюға мүмкіндік бермейді. Қалай болғанда да меншік иесіне нұсқама беріліп, заңда белгіленген рәсім сақталуға тиіс, – деді ол.

Заңгер мұндай мәліметтер сотта өзге материалдармен бірге дәлел ретінде бағалануы мүмкін екенін атап өтті.

Нұсқама алған азамат не істеуі керек?

Егер жер инспекциясынан ескерту немесе нұсқама келсе, оны елемей қоюға болмайды. Бірінші кезекте жер теліміне су, электр және басқа да инженерлік желілердің ресми түрде жеткізілген-жеткізілмегенін тексеру қажет.

Егер мемлекеттік инфрақұрылым тартылмаған болса, азамат нұсқаманың заңдылығына дау айтуына болады. Мұндай жағдайда құжаттарды жинап, заңгердің көмегімен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жүгінген жөн. Ал инфрақұрылым бар болса, берілген бір жылды бос өткізбеу керек. Қажетті құжаттарды рәсімдеп, тұрғын үй құрылысын заңды түрде бастаған дұрыс, – деді Айдар Советбеков.

Оның айтуынша, мемлекеттік органнан келген кез келген хатқа немесе нұсқамаға белгіленген мерзім ішінде жауап беру маңызды. Меншік иесі жерді игеруге кедергі келтірген жағдайларды, инженерлік желілердің жоқтығын немесе құрылыс жұмыстарының басталғанын растайтын құжаттарды сақтауы керек.

Жердің бос жатуы оны бірден алып қоюға әкелмейді. Алайда меншік иесі ресми ескертуді елемей, заң бұзушылықты жоюға берілген мерзімде учаскені игермесе, уәкілетті орган сот арқылы жерді мәжбүрлеп алып қою мәселесін көтере алады.