Жер сілкінісінен кейінгі Алматының жағдайы қандай

Күні кеше Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болды. Қаладағы жағдай тұрақты, ғимараттардың құлау дерегі тіркелмеген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшсі.

Мегаполис тұрғындары жер сілкінісінде қауіпсіз орындарды паналап, жан сауғалаған.

Қаланың әр ауданында 384 қабылдау орны ашылды. Оның 229-ы – мектеп, ал қалған 115-і – балабақша. Қабылдау орындарына 11 мың алматылық жүгінген. Сондай орындардың бірі – №119 мектеп-лицейі. Қабылдау орнына 50-ге жуық адам жүгінген.

Мектепке 46 адам келді, оның 12-сі – бала, жасқа толмаған сәбилер де болды. Жер сілкінісі болған бойда, кезекші күзетшіге хабарластым. Мектептің қақпалары, спорт залдың есігі ашылды. Мен түнгі сағаттан 1-ден кете мектепте болдым. Спорттық матрацтарды дайындадық. Тұрғындар келіп орналаса бастады. Ол кісілерді сабырға шақырдым. Дене шынықтыру мұғалімдерін шақырып алып, диспенсермен су қойдық. Арасында үлкен кісілер, балар болғандықтан, сағат түнгі 3-тен кете Абай/Момышұлы көшесіндегі «Магнум» дүкенінен тамақ алып келдім. Шай беріп, әңгімелесіп отырдым. Басым көпшілігі ұйықтады. Сағат таңғы 5-тен кеткенде тұрғындар үйлеріне қайтты, – дейді 119 мектеп-лицейінің директоры Жаңыл Батырбекова.

Ал тұрғын үйлерде жағдай қалыпты, қабырғалар жарылмаған. Жер сілкінісінен 44 адам бас жарақаты, соғылу, аяқ-қолдың созылуы сияқты жеңіл және орташа ауырлықтағы түрлі жарақаттарымен медициналық көмекке жүгінген.

Кеше жер сілкінісі қатты сезілді. Көпқабатты үйде тұрғандықтан, барлығымыз  біраз уақыт далада жүрдік. Жағдай тұрақталып, өз-өзімізге келгенен кейін қала сыртындағы туыстарымыздың үйіне бардық. Дегенмен қалада кептеліс болып, Қаскелең жаққа әрең жеттік. Туыстарымыз түгел сол үйде жиналдық. Түнімен ұйықтай алмадық. Таң атысымен үйге қайта оралдық. Қорқыныштан басым ауырып, денем қимылдамай қалды. Енді бұндай жағдай қайталанбаса екен, – дейді Айжан есімді қала тұрғыны.

Алматыда күшті және жойқын жер сілкінісі болмайды. Бұл туралы Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев мәлімдеді.

Сейсмикалық жағдайдан кейін біз Қырғызстан мен ҚХР аумағында 100-ден астам афтершокты тіркедік. Қала тұрғындары қазір 5-тен аспайтын афтершокты сезінді. Бұл қанша уақытқа созылуы мүмкін? Түркия мен Сирияда болған оқиғаларды алайық: жер сілкінісі осы күнге дейін болып жатыр, біз осы оқиғаларды тіркеп отырмыз. Сондай-ақ, күн сайын Кахраманмараш пен Сириядағы оқиғаларды жаңалықтан көріп отырмыз. Бізде жойқын зілзала бола ма? Мен 100% жоқ деп айта аламын. Бізде күшті және жойқын жер сілкінісі болмайды.  Дүмпу азайып барады. Біздің қаланың тұрғындары мен қонақтары қандай да бір дүмпулерді сезінген жағдайда жер сілкінісі кезінде әрекет ету ережелерін білуі қажет, – дейді Дәулет Сәрсенбаев.

Ал метро бекетінде жер сілікінісі сезілген. Дегенмен зардап шеккендер мен оқыс оқиға тіркелмеген. 

Қаланың шеткі аумақтарындағы жер үйлерде де дүмпу байқалған. Дегенмен көп қабатты үйлердегідей қорқынышқа бой алдырмаған.

Осы жолы қатты сезілді. Түні бойы ұйықтамадық. Үйіміз жер үй болғандықтан, үрейге, қорқынышқа бой алдырмадық. Дегенмен уайым бар. Қайта жер сілкінісі тоқтап қалды. Таулы аймақта, қаланың жоғарғы бөлігіндегі адамдарды уайымдадық. Барлығы дін аман екенін естігенде көңіліміз тыншталды, – дейді Светлана есімді қала тұрғыны.

Алматы ТЖД хабарлауынша, қаланың және Алматы агломерациясының инфрақұрылымына қауіп төнген жоқ. Қаладағы тұрғын үйлер қирамаған, жағдай тұрақты екенін атап өткеніміз жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы