Жер сатылмайды: Базарбек әдейі таратылған ақпараттың нүктесін қойды
Қоғамда жаңа Конституция жобасына қатысты қауіпті фейк ақпарат әдейі таратылып жатыр. Әлеуметтік желілерде «құжат жерді шетелдіктерге сатуға мүмкіндік береді», «Президент немесе болашақ Құрылтай жерге иелік ете алады» деген мазмұндағы мәлімдемелер пайда болған. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мәжілісте айтты.
Оның айтуынша, Конституция жобасында жерді сатуға рұқсат беретін, қандай да бір тыйымды алып тастайтын бірде-бір норма жоқ. Керісінше, қолданыстағы Конституцияның 6-бабындағы редакция өзгеріссіз жаңа жобаның 8-бабына енгізілген.
Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жеке меншікте болуы мүмкін, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, «жерді жаппай сату» туралы әңгімелер – не құқықтық сауатсыздықтың, не саналы түрде жасалған манипуляцияның көрінісі.
Жалған ақпараттың артында не тұр?
Бақытжан Базарбек «дәлел болмаған кезде, қауесет таратылады» деген қағида бүгін анық байқалып отырғанын айтады. Оның пікірінше, қоғамды Конституция мәтінінде жоқ нормалармен қорқыту – әдейі жасалып отырған ақпараттық шабуыл.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беруге тыйым салынған. Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы бұл норманы жоймайды, әлсіретпейді және қайта қарастырмайды.
AMANAT партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы жер қатынастары саласындағы заңсыздықтардың алдын алумен айналысады. Бақытжан Базарбек – осы комиссия төрағасының орынбасары.
Соңғы төрт жылда мемлекетке 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылған.
Бұл – жай сөз емес. Бұл – нақты көрсеткіш. Жерді халыққа қайтаруға бағытталған нақты мемлекеттік саясат, – деді ол.
Депутат азаматтарды заңсыз әрекеттерге куә болса, «Жер аманаты» комиссиясына жүгінуге шақырды. Оның айтуынша, жер мәселесі енді «жабық есік жағдайында» шешілмейді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен бірлесіп, әрбір заңбұзушылыққа қатаң құқықтық баға берілетіні айтылды. Бұл – Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатының нақты іске асуы.
Бақытжан Базарбек жаңа Конституция жобасы жерді шетелдіктерге сатуға ешқандай мүмкіндік бермейтінін тағы да нақтылады.
Жер – ұлттық байлық. Ол бұрын да халыққа тиесілі болды, қазір де солай, әрі қарай да солай болып қалады, – деп ойын айтты депутат.