Жер "қызыл аймаққа" өтті – БҰҰ есебі алаңдатты
2026 жылғы наурызда жарияланған есепке сәйкес, климат жүйесіндегі өзгерістер қарқыны тарихи максимумға жеткен.
Жер климаты тепе-теңдігін жоғалтып, бұрын-соңды болмаған тұрақсыздық кезеңіне өтті. Мұндай қорытынды Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым жариялаған «State of the Global Climate 2025» баяндамасында айтылды.
2026 жылғы наурызда жарияланған есепке сәйкес, климат жүйесіндегі өзгерістер қарқыны тарихи максимумға жеткен. Парниктік газдардың концентрациясы рекордтық деңгейге көтеріліп, мұхиттар жылуды бұрынғыдан да жылдам сіңіріп жатыр. Ал мұздықтар мен теңіз мұздары қарқынды түрде еріп барады.
Климаттық соққылар күшейді
Баяндамада 2015-2025 жылдар аралығы бақылау тарихындағы ең ыстық 11 жыл болғаны атап өтіледі. 2025 жылы Жердің орташа температурасы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 1,43°C-қа жоғары тіркелген. Бұл – соңғы 176 жылдағы ең жылы жылдардың бірі.
Әлемдік мұхит та жаңа рекорд орнатты. Ол артық жылудың 90%-дан астамын сіңіріп отыр. Соңғы 20 жылда мұхит жұтқан энергия көлемі адамзаттың жылдық энергия тұтынуынан 18 есе көп.
Арктикадағы теңіз мұзы 2025 жылы ең төменгі деңгейге жақындаса, Антарктидада спутниктік бақылау тарихындағы үшінші ең төмен көрсеткіш тіркелген.
Сонымен қатар, теңіз деңгейі 1993 жылдан бері 11 сантиметрге көтерілген. Әсіресе Исландия мен Солтүстік Американың Тынық мұхиты жағалауында мұздықтардың жаппай еруі байқалып отыр.
Адамдарға әсері күшейіп жатыр
Климаттың өзгеруі тек табиғатқа ғана емес, адамдардың өміріне де тікелей әсер етуде. Есепке сәйкес, 1,2 миллиардтан астам адам (әлемдік жұмыс күшінің үштен бірі) ыстыққа байланысты қауіп-қатерге ұшырауда. Бұл, ең алдымен, фермерлер мен құрылыс саласы қызметкерлеріне қатысты.
Жылу стресі инфаркт пен күн өту қаупін арттырып қана қоймай, еңбек өнімділігін төмендетіп, табыс пен күнкөріс көздеріне соққы беруде.
Сондай-ақ климат өзгерісі маса арқылы және су арқылы таралатын аурулардың көбеюіне, психикалық денсаулық мәселелерінің ушығуына әкеліп отыр. Әсіресе халықтың осал топтары қатты зардап шегуде.
Климаттың өзгеруі өлім-жітім деңгейіне, табыс көздеріне, экожүйелерге және денсаулық сақтау жүйесіне жан-жақты әсер етеді, - делінген баяндамада.
Уақыт азайып барады
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жағдай – жай дабыл емес, нақты қауіптің белгісі. Температура, мұхит, мұз және Жердің энергетикалық тепе-теңдігі бойынша барлық көрсеткіштер «қызыл аймаққа» өткен.