Жер қойнауының құпиялары: Қазақстанның сирек минералдары туралы не білеміз?
Қазақстанның минералдық ресурстары халықаралық аудиторияға таныстырылып, инвестициялық әлеуеті көрсетіліп жатыр.
Geoscience & Exploration Central Asia: «Геология, ресурстар және Еуразияның болашағы» форумы аясында ұйымдастырылған көрме келушілерді Қазақстанның минералдық байлығымен таныстырып жатыр. Экспозицияда еліміздің әр өңірінен жиналған бірегей тастар мен минерал үлгілері ұсынылған.
Көрмеде геолог Глеб Климантов минералдардың ғылыми және коллекциялық құндылығы туралы айтып берді. Оның сөзінше, бұл жоба тек көрме емес, геологияға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Минералогиялық музейдің негізін қалаған Олжабай Исмаилов – Қазақстандағы танымал геологтардың бірі. Ол кеңес дәуірінде-ақ ірі геологиялық қызметтерде жұмыс істеп, кейін өз геологиялық барлау компаниясын құрды. Сол компанияның негізінде және өзінің үлкен қызығушылығының арқасында бүгінгі музей жинақталды. Қазір бізде 1500-ден астам бірегей үлгі бар, – дейді геолог Глеб Климантов.
Оның айтуынша, музей тек коллекция сақтайтын орын емес, сонымен қатар жас мамандарды тәрбиелеуге ықпал ететін ғылыми-білім беру алаңы.
Біз үшін ең маңыздысы – геология саласына жаңа буын тарту. Ұзақ уақыт бойы бұл салада мамандар аз дайындалды. Сондықтан осындай көрмелер арқылы қоғамның назарын минералдық ресурстарға аударып, ғылымға қызығушылық оятқымыз келеді, – дейді маман.
Қазақстанның жер қойнауындағы қазына
Көрмеде тек Қазақстан аумағынан табылған минералдар қойылған. Әр экспонаттың өзіндік ерекшелігі бар.
Мысалы, мынау – темір минералы. Өнеркәсіпте қолдануға жарамаса да, оның дұрыс қалыптасқан кристалдық пішіні өте сирек кездеседі. Табиғатта мұндай ірі әрі нақты формадағы кристалдар сирек, сондықтан оның ғылыми құндылығы жоғары, – деп түсіндіреді геолог.
Тағы бір ерекше үлгі – табиғи мыс.
Самородты мыс әлемде өте сирек кездеседі. Кейде ол ағаш тәрізді немесе түрлі ерекше пішінде өседі. Мұнда көріп тұрғаныңыз – тіпті кітапқа ұқсас формада қалыптасқан мыс. Бұл оның табиғаттағы таңғажайып қасиетін көрсетеді, – дейді ол.
Көрмеден қазақстандық агаттарды да көруге болады.
Агат – зергерлік және сәндік бұйымдар жасауға қолданылатын тас. Ол өзінің түрлі түсті өрнегімен және тереңдік эффектісімен бағаланады, – дейді маман.
Ал кейбір минералдар эстетикалық құндылығымен қатар, ғылыми зерттеулер үшін аса маңызды.
Кристалдар – табиғи “тарих сақтаушылар”. Олар мыңдаған жыл бойы өсіп, айналасындағы барлық химиялық процестерді өз бойына жинайды. Ірі кристалды зерттеу арқылы біз Жердің ежелгі тарихын біле аламыз, – дейді Климантов.
Болашақтың ресурстары
Көрмедегі ең құнды үлгілердің бірі – литийге бай минерал.
Қазіргі таңда литий – ең маңызды элементтердің бірі. Ол аккумулятор өндірісінде кеңінен қолданылады. Тіпті смартфондардың құнының едәуір бөлігі осы литийге байланысты. Бұл минерал өте сирек кездеседі әрі Қазақстанда да бұрын өндірілген, – дейді геолог.
Оның айтуынша, мұндай көрмелердің тағы бір мақсаты – Қазақстанның минералдық әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыру.
Біз тек ғылымды насихаттап қана қоймай, еліміздің ресурстарын шетелге таныстырып, инвестиция тартуға да үлес қосқымыз келеді, – деп айтты ол.