Жер қойнауына бөлінген 240 млрд теңге қалай игерілмек? – Министрлік жауап берді
Қазақстанда жер қойнауын зерттеуге 240 млрд теңге инвестиция салынады. Бұл туралы 14 қаңтарда Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті. Геологиялық зерттеуге бөлінген қаражат қанша жылда игеріледі, 240 млрд теңге есебінен қандай жұмыстар жүргізілмек, нақты жоспар бар ма? Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап берді.
Қаражат 3 жылда игерілмек
Министрлік мәліметінше, жер қойнауын зерттеуге бөлінген қаражатты іске асыру 2026-2028 жылдар кезеңінде жүзеге асырылады. Алдағы 3 жылда қаржы игерілетін аумақ жыл сайын 30 мың шаршы шақырымға ұлғайып отырады. Жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырымды қамтитын 1:50 000 масштабтағы екінші буынды (ГТ2-50) геологиялық түсірілім жүргізуге арналған 20 жоба (жобалау-сметалық құжаттама) әзірленді. Сондай-ақ аз зерттелген мұнай-газ перспективалы шөгінді бассейндерде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Жобалар Жерді қашықтықтан зондтау деректерін кешенді талдауды, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулерді орындауды, сондай-ақ далалық геологиялық жұмыстарды жүргізуді көздейді. Бұл жұмыстар Қазақстан аумағын геологиялық картаға түсіруге және болжамды ресурстарды бағалай отырып, пайдалы қазбаларға арналған перспективалы учаскелерді анықтауға бағытталған, - дейді министрлік.
Астанада зертханалық кешен салынбақ
Қаражатты іске асыру кезеңдерінде геологиялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шаралар, яғни зертханалық-талдамалық базаны жаңғырту, геологиялық деректерді цифрландыру көзделген.
2026 жылы Астана қаласында инженерлік ізденістердің, сәулет-құрылыс, технологиялық және инженерлік шешімдердің толық кешенін қамтитын, геология саласына қажет зертханалық-талдамалық кешенін салу үшін, жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу жоспарлануда, - делінген ӨҚМ жауабында.
Министрлік кешеннің нақты құны жобалау-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін айқындалатынын хабарлады.
Қай өңірлерге басымдық беріледі?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге учаскелерді іріктеу ғылыми қоғамдастықпен, оның ішінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтымен тығыз байланыста жүзеге асырылатынын атады.
Іріктеу жер қойнауын пайдаланушылар саны аз аумақтарға, сондай-ақ, қорлардың болжамды сарқылуын және дамудың ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарын ескере отырып, мемлекет үшін пайдалы қазбалардың басым түрлеріне негізделген, - дейді министрлік.
1:50 000 масштабтағы түсірілім артықшылығы неде?
Кеңестік кезеңде жасалған 1:200 000 масштабтағы жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеулер, аумақтың геологиялық құрылымы туралы жалпы түсінік алуға және перспективалы аймақтарды анықтауға ғана мүмкіндік береді. Бірақ бұл зерттеулер геологиялық барлау жұмыстарын әрі қарай терең жүргізуге жеткіліксіз. Ондай карталар далалық бақылаулар мен аналогтық әдістерге негізделген, оларда көбінесе жер бетіне шығатын құрылымдар ғана көрсетілген. Барлық геологиялық ақпарат тек қағаз тасымалдағышта орындалған.
Қазіргі заманғы 1:50 000 масштабтағы екінші буынды (ГТ2-50) геологиялық түсірілім карталары:
- жерді қашықтан қолдану, аэрогеофизика, геохимия, бұрғылау мәліметтері жиынтығында қолданылады;
- терең және жасырын кен орындарын анықтауға бағытталған;
- жоғары детализация,
- цифрлық формат және үнемі өзектендіру мүмкіндігін береді;
- болжам модельдеу мен цифрлық талдауға негізделген.
1:50 000 масштабындағы геологиялық зерттеуге көшу, жер қойнауын терең зерделеу, пайдалы қазбаларды және геологиялық барлау жұмыстарының кейінгі кезеңдері үшін болжамды ресурстарды анықтауға және инвестиция тартуға басты қадам болып табылады. 1:50 000 масштабтағы екінші буынды (ГТ2-50) геологиялық түсірілім бағдарламасы заманауи геофизикалық, қашықтықтан және геохимиялық әдістерді қолдануды, сондай-ақ перспективалы учаскелерді анықтау үшін деректерді терең цифрлық өңдеуді көздейді, - делінген ӨҚМ жауабында.
Қорытындылай келе, 1:50 000 масштабтағы екінші буынды (ГТ2-50) геологиялық түсірілім бағдарламасын орындау:
- жер қойнауын бағалаудың дәлдігін арттыру және геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін жағдай жасап, ұзақмерзімді перспективада жаңа кен орындарын анықтауға;
- сандық және математикалық модельдер негізінде пайдалы қазбаларды болжаудың ғылыми негіздерін нақтылау және жүйелеуге;
- одан әрі экспорттау мүмкіндігімен жасанды интеллект элементтері бар жасырын кен орындарын іздеудің отандық цифрлық технологияларын құру мен енгізуге;
- 1:50 000 масштабтағы екінші буынды (ГТ2-50) геологиялық түсірілім бағдарламасын іске асыруға қатысатын мамандардың біліктілігі мен кәсіби дағдыларын арттыруға мүмкіндік беруі тиіс.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аумағын геологиялық тұрғыда заманауи әдістермен зерттеу аясын кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде биыл Қазақстан Үкіметі жер қойнауын анағұрлым егжей-тегжейлі масштабта зерттеудің жаңа кезеңін бастайтынын хабарладық. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі бюджеттен 240 млрд теңге бөлетіні белгілі болған еді.