Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жаңа жіктеу кодтары пайдаланылады – ИИДМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ИИДМ Индустриялық даму комитетінің ұйымдастыруымен жер қойнауын пайдаланушыларды тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің Бірыңғай номенклатуралық анықтамалығына көшіру мәселесіне арналған басқосу өтті.

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Zoom платформасында ұйымдастырылған онлайн форматтағы жиынға «Самұрық-Қазына Контракт», QazIndustry және бизнес өкілдері қатысты. 

Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, бүгінде ел Үкіметі реттелетін сатып алудың барлық электрондық алаңдарын «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталымен интеграциялау бойынша міндеттеме қойып отыр. Бірыңғай жүйеге «Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі» мемлекеттік ақпараттық жүйесі де енгізілмек. Аталған жүйеде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы жүзеге асырылады. Осыған орай жақында тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер анықтамалығы өнімінің статистикалық жіктемесі тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығына көшірілмек. 

ИИДМ мен Энергетика министрліктері арасындағы ережелерге бірқатар түзетулер енгізілуіне сәйкес, ТЖҚ БНА кодтарын жасау жөніндегі жұмыстар 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енбек. Алайда іс жүзінде көптеген жер қойнауын пайдаланушы компаниялар бұл тараптағы жұмыстар 2020 жылдан басталғанына қарамастан бірыңғай анықтамалық жүйесіне көшуге асықпай отыр.

ТЖҚ БНА құқық иеленушісі – «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС. Қазіргі таңда барлық жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарт жасасу жөніндегі шараларды және де ТЖҚ БНА қажетті және қолданыста жоқ кодтарын жасау жөніндегі жұмысты жеделдетуі қажет. Осыған сәйкес біз бірнеше рет «Реестр» мемлекеттік ақпараттық жүйесінде тиісті хабарлама берген болатынбыз, – деп атап өтті Ілияс Оспанов.

Индустриялық даму комитеті төрағасының ақпаратына сүйенер болсақ, бүгінде көптеген ірі компаниялар аталған бағыт бойынша жұмыстарды бастап кеткен. Мәселен, 2022 жылғы 31 мамырына дейін «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС 94 жер қойнауын пайдаланушы ұйыммен келісімшарт жасасты. Сондай-ақ ТЖҚ БНА АЖ-де 113 пайдаланушы тіркеліп, олар жаңа кодты жасауға 11 929 өтініш жіберген.

Сонымен қатар онлайн режимдегі басқосу барысында QazIndustry тарапынан «Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі» мемлекеттік ақпараттық жүйесіне модернизация жүргізілгендігі белгілі болды. Атап айтқанда, аталған жүйенің IP-мекен-жайы өзгертіліп, мәліметтерді БНА АЖ-ға жіктеу жұмыстары орындалған. Қазіргі таңда жаңа жүйені іске қосуға дайындық жүргізілуде. Биылғы жылдың маусым айының аяғына қарай «Реестр» мемлекеттік ақпараттық жүйесі ресми түрде іске қосылып, пайдаланушылар жаңартылған жүйеге тіркеле алады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы