Жер қойнауын пайдалануға құқық беретін аукцион өткізіледі
Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукцион өткізуге өтініштерді қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылғы 24 наурызда Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы (МЖҚҚББ) бекітілді, оған көмірсутектер бойынша 56 жер қойнауы учаскесі енгізілді.
Қазіргі таңда жер қойнауы құқығын алуға мүдделі барлық тұлғалар аукцион өткізуге арналған өтінішті «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ электрондық аукциондар операторының сайтында бере алады (сілтеме: www.gosreestr.kz).
Аукцион негізінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын берудің шарттары мен тәртібі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 93-99-баптарында және Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының интернет-ресурсын пайдалана отырып, электрондық нысанда аукцион өткізу қағидаларында (ҚР Энергетика министрлігінің 2022 жылғы 29 желтоқсандағы №439 бұйрығы) көзделген.
Аукцион толығымен автоматтандырылған, яғни ашықтықты қамтамасыз ету үшін тек электронды форматта өткізіледі.
Аукцион өткізуге арналған өтініштер Кодекстің 94-бабының 1-тармағына сәйкес Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына аукцион бөлігінде енгізілген жер қойнауы учаскелері бойынша қабылданады.
Құзыретті орган көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлғалардан аукцион өткізуге берілген өтініштерді қарау қорытындылары бойынша құзыретті органның сайтында көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукцион өткізу туралы хабарламаны (бұдан әрі – Хабарлама) жариялайды. Хабарламада географиялық координаттар, қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшері, барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төменгі талаптар және олардың бағалау құны туралы ақпаратпен, сондай-ақ аукционға қатысуға өтініштер беру мерзімдері, аукционды өткізу күні мен уақыты туралы ақпаратпен танысуға болады.
Өтініштерді қалыптастыру және беру үшін жеке және заңды тұлғаларға электрондық-цифрлық қолтаңба қажет екенін қосымша хабарлаймыз. Осы баспасөз хабарламасы Энергетика министрлігі өткізетін жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға ниет білдірушілердің барлығын хабардар ету мақсатында жарияланады. Барлық мәселелер бойынша мына телефондарға хабарласуға болады: 8 (7172) 78-68-95, 78-69-48, - делінген хабарламада.