Жер қойнауларымызды барлайтын инвесторларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Мәжіліс кеше ғана конституциялық норманы жүзеге асыратын «Жер қойнауы және оны пайдалану туралы» Кодексіне енгізілетін түзетулер мен өзгерістерге қатысты Заң жобасын мақұлдады. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заң жобасының негізгі мақсатын, енгізілген өзгерістер несімен тиімді екенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Еділ Терекбайұлы, Мәжіліс конституциялық норманы жүзеге асыратын «Жер қойнауы және оны пайдалану туралы» Кодексіне енгізілетін түзетулер мен өзгерістерге қатысты Заң жобасын мақұлдады. Біздің жер қойнауларымызды барлайтын инвесторларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Қабылданған Заң жобасына депутаттар ондаған жаңа концептуалды нормалар ұсынды. Соның ішінде барлау жұмыстарына қатысты бірнеше норма бар және бұл өзгерістер көмірсутегі кен орындарын өндірістік масштабта игергенге дейінгі геологиялық барлау, бағалау және алғашқы сынақтарды жеңілдетуді қарастырған.
Атап айтсақ, жобалық құжаттарды рәсімдеу уақыттарын қысқарту.
Бірінші мәселе. Жаңа алаңда барлау жұмыстарын бастау үшін жер қойнауын пайдаланушы іздеу-барлау жұмыстарының жобасын дайындауға және экологиялық және салалық сараптамаларды қоса алғанда, бірнеше мемлекеттік сараптамалардан өтуге міндетті болатын.
Ендігі жерде жоба тек экологиялық сараптамадан өтіп, құзырлы мемлекеттік органға техникалық мәселелерді ғана қозғайтын құрлықтағы барлаудың іздестіру сатысының жобалау құжаттарын хабарлама сипатына ауыстыру ұсынылады. Бұл барлау жобасын әзіреу кезеңін 6 айға дейін қысқартып, физикалық жұмыстарды тез бастау процесін жеделдетеді.
Екінші мәселе. Базалық жобалау құжаттарға мемлекеттік сараптамалардың жүргізу тәртібін жетілдіру. Базалық жоба «бірінші экологиялық сараптама – салалық сараптама – екінші экологиялық сараптама» механизімімен іске асатын. Өйткені салалық сараптамадан өту процесінде қандай да бір өзгерістер енгізілген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы экологиялық сараптамадан қайта өтуге мәжбүр болады, бұл «далалық» жұмыстардың басталуын кешіктіреді. Бұдан басқа, экономикалық сараптама талап етіледі, бірақ базалық жобалық құжатта экономикалық есептер бар.
Енді Кодекске енгізілген өзгеріс бойынша «экологиялық қорытынды немесе скринг – салалық мемлекеттік сараптама –экологиялық сараптама» механизмі арқылы іске асады. Экономикалық сараптама алынып тасталынды. Бұл базалық жобаны «кабинеттерде» қарауды 5-6 айға қысқартады.
Үшінші мәселе. Дайындық кезеңінде, яғни барлаудан кейінгі және өндіруге дейінгі кезең арасындағы аралық кезеңде жүргізілетін жұмыс түрлері регламенттелмеген, бұл жер қойнауын пайдаланушылар үшін тәуекелдер мен белгісіздік тудырады.
Енді жаңа өзгеріс бойынша осы кезеңде белгілі бір жұмыс түрлерін жүргізуге рұқсат беру ұсынылады, атап айтқанда, бұл объектілерді сынау, қолданыстағы жобалау құжатына сәйкес ұңғымаларды бұрғылау және консервациялаудан шығару. Бұл өз кезегінде кен орнын толық барлауды жүзеге асыруға және оны өнеркәсіптік игеруге енгізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, бұл бүкіл 25 жылдық мерзімді тікелей мұнай өндіру үшін пайдалануға жағдай туғызады.
Төртінші мәселе. Бұрғылау жұмыстарының міндетті жұмыс көлемі объективті себептерге қарамастан орындалмаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушыға айыппұл салынатын.
Ендігі жерде сейсмикалық барлау нәтижелері бойынша ұңғыманы бұрғылау мүмкін болмаса, жер қойнауын пайдаланушы айыппұл төлемей, келісімшарттық аумақты қайтаруға құқығы бар.
Бұл норманың жағымды әсері жер қойнауын пайдаланушыларға қаржылық жүктемені 100 000 АҚШ долларынан 300 000 АҚШ долларға дейін төмендетеді, барлау жүргізуді кешіктірмеуге және келісімшарттық аумақты қайтаруды жүзеге асыруға ынталандырады, сейсмикалық жұмыстардың нәтижелері бойынша мемлекет құнды геологиялық ақпарат алады.
Бесінші мәселе. Барлау мерзімін ұзарту туралы өтініш беру мерзімін ұзарту. Бүгінгі күні іздеу барысында көмірсутектердің перспективалы кен орындарын тапқан жер қойнауын пайдаланушының табылған кен орнын бағалау үшін барлау мерзімдерін ұзарту мақсатында мұндай рәсімдердің мерзімдерінің ұзақтығына байланысты жобалау құжаты бойынша барлық қажетті сараптамалардан өтуге уақыты болмайтын жағдайлар жиі кездеседі.
Қарапайым сөзбен айтқанда, инвестор жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттан ресми түрде айырылады, оның шеңберінде инвестициялардың елеулі сомалары салынған, бұл мемлекетпен сот және төрелік талқылауларды туғызады.
Осыған орай жаңа өзгерістерге сәйкес, енді жер қойнауын пайдаланушыға сейсмикалық жұмыстар және тәуелсіз ұңғымаларды бұрғылау жөніндегі жұмыстар бөлігінде жұмыстардың бағдарламасында көзделген міндеттемелер орындалған жағдайда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін 12 айға ұзарту туралы өтініш беру мерзімін ұзарту туралы өтініш беру құқығын беру ұсынылады. Бұл уақыт жобалық құжатты дайындауға беріледі.
- Заң бойынша барлау уақытын қосымша 3 жылға ұзартудың қандай артықшылықтары болады?
Бүгінгі таңда қолданыстағы Кодекс нормалары жер қойнауын пайдаланушының барлау шеңберінде жүргізген жұмысын толық көлемде есепке алмайды, яғни бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, алайда ұңғымаларды сынауға уақыт жетпесе, жұмысты жалғастыруға ресми түрде мүмкіндік жоқ.
Ендігі жерде қосымша инвестициялар салу міндеттемесімен (бір ұңғымаға кемінде 3 млн АҚШ доллары) және өндіру кезеңінің мерзімін қысқартумен барлау кезеңін 3 жылға дейін бір реттік ұзартуды ұсыну ұсынылады. Яғни тәуекелді өз мойнына алған және геологиялық барлауға ақша салған адал жер қойнауын пайдаланушыларға басталған геологиялық барлау жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік беріледі. Бірақ ұзартылған барлау кезеңі өндіру кезеңінің мезімінен шегеріледі. Бұл инвесторға әрі қарай жұмыстарын толыққанды жүргізуге мүмкіндік жасайды, өйткені ол қыруар қаржыны іздеу-барлау жұмыстарына салып отыр.
- Заң жобасы геологиялық барлау саласындағы кадрдың саны мен сапасына қалай әсер етеді?
- Жоғары да келтірілген және одан да басқа құжаттарды келісу процедураларын жеңілдету, қаржылық жүктемелерді азайту, қосымшы барлау және басқа да жұмыстарға рұқсат беру геологиялық ізденістерге жол ашып, қосымша жер қойнауын пайдаланушыға инвестиция құюға мүмкіндік береді.
Екіншіден, Кодекске «сарқылған» кен орындар деген түсінік енгізілді. Себебі игеріліп жатқан кен орындарының көпшілігі ХХ ғасырдың басынан ортасына дейін ашылған және бүгінгі күнге дейін игерудің соңғы кезеңдерін бастан кешіп жатыр. Алайда заңнамада ескі мұнай кен орындарын өндіруді және тиімді пайдалануды қолдау үшін ынталандыру шаралары жоқ, бұл жер қойнауын пайдаланушылардың осындай тиімсіз жобаларды ұстаудан бас тартуына әкеледі.
Осыған орай фискалдық ынталандыру шараларын іске асыру үшін «сарқылған» кен орындарының өлшемдерін және жер қойнауын пайдаланушының осындай кен орнында өндіруді қолдауға инвестициялық міндеттемесін белгілейтін тиісті құқықтық база құрылды. Бұл жер қойнауын пайдаланушылардың ағымдағы арнайы төлемдерінің орнына «Жер қойнауын пайдалануға балама салық» режимін қолдану құқығын береді. Ол «сарқылған» кен орындардың «өмірін ұзартуға» инвестиция салуға ынталандырады.
Жоғарыда келтірілген өзгерістер геолог мамандарға деген сұраныс тудыратыны анық. Сұраныс бар жерде ұсыныс болады. Геолог мамандардың сапалы дайындау – бұл жоғары оқу орындарының қызметіне байланысты. Ол басқа заңмен және оқу стандарттарымен реттеледі.
Тағы бір жаңалық - бұрын Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін көмірсутектер және уран өндіруге қатысты жасақталған келісімшарттар бойынша қазақстандық кадрларды және ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қарастырылады.
- Заң жобасын талқылау барысында Жұмыс тобында қандай нормалар бойынша пікірталас, тартыс болды?
Жұмыс тобында бұрын жасақталған Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі мұнай-газ кен орындарына қатысты жасақталған келісімшарттарды қайта қарау, олардың ашықтығын жариялау туралы пікір-таластар болды. Одан кейін сол кен орындарда жұмыс жасап жатқан компаниялардағы технологияларының құжаттарын Қазақстан тарапына беру керек деген ұсыныстар берілді. Бірақ жұмыс тобында бұл нормалар қабылданбады, өйткені бұрын жасалған контрактілерге бір жақты өзгеріс енгізу немесе оның баптарын жариялау мемлекетімізді халықаралық арбитражда соттасуға әкеледі, ал, одан ұтуымыздың мүмкіндігі өте төмен. Бұл өз кезегінде еліміздің миллиардтаған шығынға ұшырауы және инвестициялық климаттың төмендеуі сияқты тәуекелдерді тудырады. Бұл осы процеске қатысты тараптардың бір-бірімен келісімімен ғана іске асатын шаруа.
Технологиялар патенттелген, олар зияткерлік меншікпен қорғалған. Патент авторларының рұқсатынсыз ешкімде құжатты бермейді. Сондықтан бұл Қазақстанның заңына да, халықаралық нормаларға да қарама-қайшы. Бұл ұсынысты да қабылдамадық.
- Геологиялық қорда 100 млн тоннадан астам мұнай, 50 млрд текше метрден астам газы бар барлық ірі кен орнын бірінші кезекте ұлттық компанияның игеруі не береді?
Былтыр 8 миллионнан астам сайлаушы қатысып, көпшіліктің дауысымен қабылданған конституциялық нормалардың ішінде 6-баптың 3-тармағында «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» - деп бекітілді.
Конституцияның осы нормасына қатысты қоғам тарапынан билікке, оның ішінде Парламентке бұл қалай іске асырылады деген маңызды сұрақ жиі қойылып жүр және оның жөні бар.
Сондықтан болашақта геологиялық қорында 100 млн тоннадан астам мұнай, 50 млрд текше метрден астам газы бар барлық ірі кен орындар бірінші кезекте ұлттық компанияның қатысуымен игеріледі және ұлттық компанияның келісімшарттағы үлесі 50%-дан жоғары болуы міндетті.
Бұл, біріншіден, Конституциядағы норманыңы заңдарымыз арқылы іске асыру механизмі жасақталды. Екіншіден, еліміздің экономикалық мүддесі қорғалады. Үшіншіден Қазақстаннның қазба байлығынан түсетін пайданың қомақты үлесі өзімізге тиесілі болады. Ұлттық Қорға және бюджетке түсетін түсімдер арқылы халқымыздың әл-ауқатын көтеретін әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруға мүмкіндік аламыз.
Мәжіліс депутаттары тарихи норманы қабылдады және бұл әділ шешім болды деп есептеймін.
- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!