"Нұрлы жер". Қарағанды облысында 5100 тұрғын үй салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 509 мың шаршы метр немесе 5100 тұрғын үй салу міндеті тұр.

Биылғы І тоқсанда салаға 10,6 млрд теңге инвестиция бағытталып, жалпы ауданы 130,2 мың шаршы метр болатын 1215 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде – 203 жеке үй.

Жалпы биыл "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қарағанды облысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысына 17,9 млрд теңгеге 63 жоба іске асырылып, 1221 адам жұмыспен қамтылады.

Кредиттік немесе сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 1474 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 10 жобаны іске асыру үшін 4,5 млрд теңге қарастырылған. Бірінші тоқсанда әкімдікке 170,7 млн теңге аударылып, ол толықтай игерілген. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 30,8 мың шаршы метр болатын 548 жалға берілетін пәтер пайдалануға беріледі. Халықтың аз қамтылған әлеуметтік топтарына, көп балалы отбасыларға берілетін ол баспаналардың құрылысына 378 адам жұмысқа тартылады. 

Кредиттік тұрғын үй құрылысына 23 жобаны іске асыру үшін 10 млрд. теңге қарастырылған. Оған 55,2 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 926 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Ол жобаларды іске асыру үшін 535 адам жұмыспен қамтылады. 

Сонымен қатар, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2%-бен несие берілетін "Бақытты отбасы" бағдарламасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен облысқа 335 тұрғын үй қарызына 3,3 млрд. теңге қарастырылып отыр.

Тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге 30 жоба іске асырылады. Ол мақсатқа 3,4 млрд теңге бөлінеді. Аталған жобалар бойынша 308 жұмыс орны ашылады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы